Otpan News Logo

Тоқтамыс Жұмағұлов: Азамат құқығы – басты назарда

|
28.10.2026 16:30
Тоқтамыс Жұмағұлов: Азамат құқығы – басты назарда

2026 жылдың 9 айында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және анықталған кемшіліктердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізді.

Есепті кезеңде 22 бақылау іс-шарасы өткізіліп, 20 321 заң бұзушылық анықталды. Мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша 126 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, қоғамдық мониторинг пен цифрлық кері байланыс тетіктері қолданылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жетілдіру бойынша 30 бастамашылық ұсыныс әзірленді.

Департаменттің негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру және халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту.

 

 

Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловпен әңгімелестік.

 

- Тоқтамыс Қадошұлы, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында 2026 жылдың 9 айында қандай жұмыстар атқарылды?

 

 

-  Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау – Департамент жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттік қызметтердің заң талаптарына сәйкес көрсетілуін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу және анықталған кемшіліктердің алдын алу.

 

2026 жылдың 9 айында мемлекеттік қызмет көрсету саласында 22 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 20 321 заң бұзушылық анықталды. Тиісті шаралар қабылданып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 37 хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 миллион 335 мың теңгені құрап, толық өндірілді.

 

Бұл көрсеткіштер бақылау жұмыстарының маңыздылығын көрсетеді. Сонымен бірге біз үшін заң бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың қайталануына жол бермеу де маңызды.

 

-   Азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу кезінде қандай мәселелерге басымдық беріледі?

 

-  Әрбір өтініш – азаматтың нақты мәселесі мен мемлекеттік органға деген сенімінің көрінісі. Сондықтан өтініштерді қарау кезінде заңдылық, объективтілік және азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарын басшылыққа аламыз.

 

Есепті кезеңде мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты 16 өтініш тексеру арқылы қаралды. Бұдан бөлек, 67 өтініш бойынша тексеру жүргізілмей, тиісті жауаптар берілді.

 

Өтініштерді талдау мемлекеттік қызмет көрсету кезінде туындайтын өзекті мәселелерді анықтауға, олардың себептерін зерделеуге және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

 

-  Қоғамдық мониторингтің мемлекеттік қызмет сапасын арттырудағы рөлі қандай?

 

 

-  Қоғамдық мониторинг – мемлекеттік қызмет көрсету процесін азаматтардың көзімен бағалауға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Оның аясында мемлекеттік қызмет көрсету орындарындағы жағдай, қызмет алушыларға жасалған қолайлы жағдайлар және қызмет көрсету тәртібінің сақталуы зерделенеді.

 

Мониторингке ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысады. Бұл анықталған мәселелерді ашық талқылауға, ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

 

-    Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

 

- Азамат өз құқықтарын және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін жақсы білген жағдайда, туындаған мәселені уақытылы көтеріп, заңды жолмен шешуге мүмкіндік алады. Сондықтан түсіндіру жұмыстарына ерекше мән береміз.

 

2026 жылдың 9 айында мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша 126 түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Сонымен қатар «Елге қызмет» арнайы телебағдарламасының 13 жобасы жарық көрді. «Ең алдымен адамдар» арнайы оқу бағдарламасы аясында 3 семинар ұйымдастырылып, 59 тыңдаушы қамтылды.

 

Бұдан бөлек, «Қызмет алушылар күні» екі рет өткізіліп, 140 азаматқа мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі мен өз құқықтары туралы түсіндірілді. Мұндай шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік органдармен өзара байланысты нығайтуға бағытталған.

 

 

-   Цифрлық құралдардың азаматтармен кері байланыс орнатудағы мүмкіндіктері қандай?

 

-   Қазіргі уақытта цифрлық технологиялар азаматтармен жедел байланыс орнатудың маңызды тетігіне айналды. Осы бағытта 2024 жылғы сәуір айынан бастап «EgovKzBot2.0» Telegram-бот платформасы жұмыс істейді.

 

Аталған платформа арқылы азаматтар өз мәселелерін жолдап, қажетті түсіндірмелер ала алады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бот арқылы 50 жолданым келіп түсті. Олардың барлығы бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Цифрлық арналардың артықшылығы – азаматтардың өтініштерін жедел қабылдап, оларды толғандырған мәселелерді анықтауға мүмкіндік беруінде.

 

-   Мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жетілдіру бойынша қандай бастамалар бар?

 

-  Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру үшін қолданыстағы процестерді үнемі талдап, азаматтарға қолайсыздық туғызатын мәселелерді анықтау қажет.

 

Осы мақсатта бизнес-процестерге талдау жүргізіліп, 30 бастамашылық ұсыныс әзірленді. Оның 9-ы құқықтық реттеуді жетілдіруге, 12-сі автоматтандыру мен техникалық мүмкіндіктерді дамытуға, ал 9-ы мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жақсартуға бағытталған.

 

Бұл ұсыныстардың негізгі мақсаты – қызмет көрсету рәсімдерін оңтайландыру, артық кедергілерді азайту және азаматтар үшін мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді ету.

 

 

-       Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттеріңіз қандай?

 

-   Алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау, азаматтардың өтініштерінде көтерілген мәселелерді зерделеу, қоғамдық мониторингті дамыту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз.

 

Сонымен қатар түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, цифрлық құралдардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жетілдіруге басымдық береміз.

 

Біздің ұстанымымыз – азаматтың мәселесіне бейжай қарамау, оның құқығын қорғау және сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге ықпал ету. Өйткені мемлекеттік орган жұмысының басты нәтижесі – халықтың сенімі мен азаматтардың құқықтарының нақты қорғалуы.

 


21
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!