Otpan News Logo

Ақтауда жылу желілерінен 172 ақау анықталды: жөндеу жұмыстары қай жерде жүріп жатыр?

|
28.10.2026 15:42
Ақтауда жылу желілерінен 172 ақау анықталды: жөндеу жұмыстары қай жерде жүріп жатыр?

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Ақтаудың жылу желілеріне жүргізілген гидравликалық сынақ кезінде 39 ақау анықталған. Ал су айналымы іске қосылғаннан кейін тағы 172 ақау тіркелген. Барлық анықталған учаскелерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы «Каспий жылу су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны хабарлады.


Сонымен қатар кәсіпорынның балансына берілмеген және пайдалану жауапкершілігіне кірмейтін жылу желілерінде де мәселелер туындап отыр. Соған қарамастан, кепілдік міндеттемелері аясында әрі жылумен жабдықтаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бұл учаскелерде де жөндеу және реттеу жұмыстары жүргізілуде.


КЖСА мәліметінше, №21 сорғы станциясынан 28 шағынауданға дейінгі жылу трассасында құбыр жарылып, жөнделген. Ендігі кезекте сорғы станциясын іске қосып, жылу жүйесін қалыпты жұмыс режиміне келтіру көзделген.


Құбырлардың тозу деңгейін ескере отырып, осы учаскені қайта жаңғырту мәселесі келесі жылға арналған жөндеу жұмыстарының жоспарын әзірлеу кезінде қарастырылмақ.


Қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін 32А, 19, 19А, 13 шағынаудандарда және Айрақты ауданында блокты-модульдік қазандықтар іске қосуға дайындалған. Ал 28 қазанда 15 және 33 шағынаудандардағы осындай қазандықтарды іске қосу жоспарланған.


Кәсіпорын өкілдері тұрғындардан шағым түскен көпқабатты үйлердің жылу жүйелерін де тексеруді жоспарлап отырғанын хабарлады. Тексеру жұмыстары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі және тұрғын үй инспекциясымен бірлесіп жүргізіледі.


Жылу желілеріндегі ақауларды жою, гидравликалық режимді реттеу және жылумен жабдықтау жүйелерін қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

40
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!