Otpan News Logo

Маңғыстау өңірі Еуропа елдерімен инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

|
29.10.2026 15:57
Маңғыстау өңірі Еуропа елдерімен инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі

OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 29 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Еуропарламенттің Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының басшысы Джузеппина Принчи бастаған делегациямен кездесті. Делегация құрамында Бельгия, Италия, Франция, Швеция, Болгария және Словакия елдерінің өкілдері бар.


Тараптар өңірдің инвестициялық әлеуетін, туризмді дамыту, экология және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.


Кездесу барысында Маңғыстау облысының экономикалық даму бағыттары, өнеркәсіптік өндіріс пен өңдеу саласындағы мүмкіндіктері, сондай-ақ шетелдік инвесторлар үшін ұсынылатын жобалар таныстырылды.


Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Абай Естекбаевтың айтуынша, бүгінде өңірде 2032 жылға дейін іске асыру жоспарланған 46 инвестициялық жоба қалыптастырылған.


- Еуропалық компаниялармен ынтымақтастықтың нақты нәтижелері бар. Атап айтқанда, Германияның Heidelberg Materials компаниясы өңірде жоғары сапалы цемент өндірсе, Италияның Tenaris компаниясы спиральді жапсарлы құбырлар шығарады. Ал Францияның PCM компаниясы мұнай-газ кәсіпорындарына арналған бұрандалы сорғылар мен жетектер өндіруде. Түркияның YDA компаниясы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Ақтау әуежайын жаңғыртып, қазіргі уақытта оның базасында мультимодальды көлік-логистикалық хаб құру жобасын жүзеге асырып жатыр, - деді Абай Естекбаев.


Кездесуде көлік-логистика саласын дамытуға да айрықша назар аударылды. Соңғы бес жылда Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы жүк тасымалдау көлемі үш еседен астам өскені атап өтілді. Перспективалы жобалар қатарында Ақтау порты арқылы контейнерлік тасымалдарды дамыту, «Саржа» және «Керуен» теңіз терминалдарын салу, сондай-ақ Ақтау әуежайы базасында мультимодальды хаб құру бар.


Бұдан бөлек, делегацияға өнеркәсіп пен өңдеу саласының мүмкіндіктері, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағыттары, туризмнің әлеуеті және цифрландыру саласындағы нәтижелер таныстырылды.


Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің шетелдік инвесторлармен серіктестікті нығайтуға дайын екенін жеткізді.


-Инвестиция тарту - Мемлекет басшысы айқындаған негізгі басымдықтардың бірі. Осы бағытта Маңғыстау облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп келеді. Өңірімізде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және жаңа ұсыныстарды қарастыруға барлық мүмкіндік бар. Облыс әкімдігі инвесторларға жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде қолдау көрсетуге дайын. Біздің мақсатымыз - өзара тиімді әріптестікті нығайтып, өңір экономикасының дамуына серпін беретін жаңа жобаларды жүзеге асыру, - деді Нұрдәулет Қилыбай.


Өз кезегінде Еуропарламенттің Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының басшысы Джузеппина Принчи Маңғыстау өңірінің Еуропа мен Азия арасындағы экономикалық байланыстарды дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.


Кездесу барысында делегация мүшелері еңбек ресурстары мен білікті мамандар даярлау, көлік-логистикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Транскаспий бағытының өткізу қабілетін арттыру және көлік байланыстарын дамыту мәселелері бойынша сауалдарын қойып, пікір алмасты.

7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!