Ақтауда жастарға арналған екі күндік BootCamp өтіп жатыр
OTPANNEWS.KZ – Бұл жоба жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Оқыту курсының алғашқы күні «Заңды білу және жауапкершілік» тақырыбына арналды. Қатысушылар Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттарын, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін талқылады. Сонымен қатар алаяқтық, кибербуллинг, еңбек құқықтары және қоғамдық тәртіпке қатысты өмірлік жағдаяттарды саралады.
Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Дәулет Белектің айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастардың құқықтық білімін жетілдіру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру және құқықтық ақпаратты көпшілікке түсінікті түрде жеткізу дағдыларын дамыту.
«Бүгінгі бағдарламаға 50 жас қатысып отыр. Олар түрлі бағыт бойынша құқықтық білімдерін арттырып, алған тәжірибелерін болашақта өз аудиториясына жеткізеді. Сонымен қатар білімдерін өзгелерге түсінікті тілмен түсіндіруді, аудиториямен жұмыс істеуді және құқықтық тақырыптарда тренинг өткізуді үйренеді», – деді Дәулет Белек.
Екі күндік BootCamp аясында қатысушылар құқықтық мәселелерді талдау, ақпаратты сауатты жеткізу және жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша тәжірибе жинақтайды.
Оқыту курсын Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен жүзеге асуда. Ұйымдастырушысы – «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі.