Otpan News Logo

Ақтауда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған форум өтті

|
28.10.2026 15:08
Ақтауда әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған форум өтті

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту: мүмкіндіктер мен жаңа бағыттар» атты форум барысында кәсіпкер әйелдерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары, отандық өнім өндірісі, креативті индустрия және ұлттық құндылықтарды заманауи кәсіппен ұштастыру мәселелері талқыланды.


Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, білім саласының қызметкерлері, студенттер мен жоғары сынып оқушылары, сондай-ақ әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты.


«Іс-шараның мақсаты – кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету тетіктерін таныстыру, табысты кәсіп иелерінің тәжірибесімен бөлісуіне жағдай жасау және жаңа идеялар мен серіктестік байланыстарды дамытуға мүмкіндік беру. Сонымен қатар шағын және орта бизнестің дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға басымдық берілді»,- деді «Шаңырақ» ҚҚ өкілдері. 


Жиында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекнұр Бәлиұлы мен Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, облыс әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Әсел Балманова құттықтау сөз сөйледі.


Басқосуда кәсіпкер әйелдердің тәжірибесі мен бизнес жүргізудің түрлі бағыттары TED форматындағы баяндамалар арқылы таныстырылды.


Алғашқы баяндаманы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Аққу Айтжанова жасап, кәсіпкер әйелдерге арналған мүмкіндіктер мен даму жолдары туралы айтты. Ол бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру және кәсіби тәжірибе алмасудың маңызын қозғады.


Одан кейін Атырау қаласынан арнайы келген журналист, «BN Production» компаниясының директоры, Inbusiness.kz порталының авторы Гүлназ Кәрімжан «Креативті индустрия: Ұлттық код. Жаһандық бағыт» тақырыбында баяндама жасады. Спикер ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, оларды заманауи шығармашылық өнімдер арқылы кеңінен таныту мәселесіне назар аударды.


Форумда экологиялық таза өнім өндіру саласындағы тәжірибе де таныстырылды. «Muntazday» табиғи сабын және дақ кетіргіш өнімдер брендінің негізін қалаушы Әйгерім Өткелбай «Тазалықтан басталған кәсіп: әйел еңбегі мен сапаның үйлесімі» тақырыбында сөз сөйлеп, өз кәсібінің ерекшеліктерімен бөлісті.


Жиынның келесі бөлімінде ұлттық киім өндірісі мен сән индустриясына басымдық берілді. «Nazilasatkan.atelier» сән үйінің негізін қалаушы Назила Сатканова ұлттық нақыштағы киім үлгілерін ұсынып, сән көрсетілімін өткізді. Көрсетілімде ұлттық мұраны заманауи сәнмен ұштастыруға бағытталған туындылар таныстырылды.


Сондай-ақ табиғи жерасты минералды суын өндіретін «Тетис» компаниясының директоры Роза Бітімова су өндірісіндегі кәсіпкерлік тәжірибесімен бөлісті. «Тамшыдан табысқа: су өндірісіндегі әйел кәсіпкердің жолы» тақырыбындағы баяндамасында өндіріс саласындағы жауапкершілік, өнім сапасы және тұтынушы сенімінің маңызына назар аударылды.


Форум барысында қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігінің түрлі бағыттарымен танысып, тәжірибе алмасудың және өзара ынтымақтастықты дамытудың маңызын талқылады.

33
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!