Otpan News Logo

Аққу Айтжанова Республика күні туралы: Бейбітшілік, бірлік және кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер

|
24.10.2026 15:59
Аққу Айтжанова Республика күні туралы: Бейбітшілік, бірлік және кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Республика күні Қазақстанның басты ұлттық мерекелерінің біріне айналғанға дейін ұзақ тарихи жолдан өтті. Оның негізін қалаған маңызды құжат – 1990 жылы қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларация.


«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Маңғыстау облысы бойынша директоры Аққу Айтжанова Республика күні мерекесінің маңызы туралы айтып берді.


– Аққу Тұрашқызы, Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы сіз үшін нені білдіреді?


– Мен үшін Республика күні күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – Қазақстанның өз болашағын өзі айқындауға ұмтылысын жариялаған күн. 1990 жылғы декларация осы жолдағы маңызды қадам болды. Бүгінде тәуелсіздік мен үшін елімізге деген үлкен мақтанышпен қатар, оның болашағы қандай болатынына әрқайсымыздың жауапкершілікпен қарауымызды білдіреді.


– Республика күні мерекелік күнтізбеге қайта оралғаннан кейін халықтың оған деген көзқарасы өзгерді деп ойлайсыз ба?


– Иә, өзгерді деп ойлаймын. Мереке қайта оралғаннан кейін көпшілік оның мән-мағынасын жаңаша пайымдай бастады. Республика күні тәуелсіздік өздігінен келген жоқ екенін еске салады. Оның артында маңызды шешімдер, еңбек және халықтың өз еліне деген сенімі тұр. Меніңше, бүгінде бұл дата қоғамға, әсіресе жас ұрпаққа жақындай түсті.


– Қазақстанның ең маңызды деп санайтын үш жетістігін атай аласыз ба?


– Біріншісі – тәуелсіз мемлекет атанғанымыз. Біз өз даму жолымызды өзіміз айқындау мүмкіндігіне ие болдық және бұл міндетті сәтті орындап келеміз деп ойлаймын.


Екіншісі – Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді, көрші елдермен тату қарым-қатынасты сақтай алғаны. Бұл – үлкен құндылық.


Үшіншісі – еліміздің дамуы, бизнес пен халық үшін жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы. Кәсіпкерлер палатасының басшысы ретінде өңірлерде қаншама бастаманың дүниеге келіп жатқанын көріп отырмын. Кәсіпкерлердің жасампаздық әлеуетін жүзеге асыруға лайықты жағдай жасалуы маңызды. Әрбір бастама қолдау тауып, нақты жобаға айналуға мүмкіндік алуы керек.


– Қазақстандықтардың қандай қасиеттерін мақтан тұтасыз?


– Отандастарымыздың қонақжайлығы, үлкенге құрметі және бір-біріне қолдау көрсете білуі маған ерекше ұнайды. Қазақстандықтарға тән айрықша қасиеттің бірі – ашықтық. Біз әртүрлі мәдениет өкілдерін қабылдап, ортақ тіл табыса білеміз. Меніңше, шетелдіктер де бізді дәл осы қасиеттеріміз арқылы таниды. Олар қазақстандықтардың бейбітсүйгіштігін, сенімділігін және адамдарға деген шынайы қарым-қатынасын бағалайды.


– Мерекеге орай қандай тілегіңізді білдіресіз?


– Барша маңғыстаулықтар мен қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтаймын! Елімізге бейбітшілік пен тұрақты даму, әр шаңыраққа амандық, денсаулық және береке-бірлік тілеймін. Әр адам өз жоспарын жүзеге асырып, Қазақстанның болашағына үлес қоса берсін. Тәуелсіздігіміз ортақ еңбегіміз бен бір-бірімізге деген қамқорлығымыздың арқасында нығая берсін!

89
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!