Дәурен Мұратбай: Өндіріс адамының еңбегі елдің дамуына қызмет етуі керек
Маңғыстау өңірінің мұнай-газ саласында ширек ғасырға жуық уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан «Oil Construction Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2027 жылы өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы жылдар ішінде кәсіпорын өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, құрылыс және монтаждау жұмыстарын жүргізуге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосты. Бүгінде компания алдында өндірістік қауіпсіздікті нығайту, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, жас мамандарды даярлау және қызмет аясын кеңейту секілді маңызды міндеттер тұр. «Oil Construction Company» ЖШС Бас директоры Дәурен Мұханбетұлы Мұратбай кәсіпорынның даму жолы, өндірістік жобалары және еңбек адамының қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті.
Өңір өндірісімен біте қайнасқан тарих
«Oil Construction Company» ЖШС-ның қалыптасуы Маңғыстау өңіріндегі мұнай-газ саласының дамуымен тығыз байланысты. Кәсіпорын 2000 жылдардың басында үш мекеменің бірігуі нәтижесінде құрылды. Олардың негізгі қызметі мұнай өндіруші кәсіпорындарға сервистік қолдау көрсету, мұнай құбырларын монтаждау, дәнекерлеу, құрылыс және асфальт төсеу жұмыстарын орындау болды.
Содан бері компания өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстарға тұрақты түрде қатысып келеді. Дәурен Мұратбайдың айтуынша, кәсіпорынның тарихын Маңғыстаудағы мұнай өндірісінің дамуынан бөлек қарастыру мүмкін емес. Өйткені мұнай-газ саласының қалыптасуы мен өркендеуіне өндірістік қызмет көрсететін ұйымдардың да қосқан үлесі зор.
«2027 жылы компанияның 25 жылдық мерейтойын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Осы уақыт ішінде мол тәжірибе жинақтап, білікті мамандардан құралған ұжым қалыптастырдық. Бүгінде компания өңірдегі құрылыс және монтаждау бағытында өзіндік орны бар кәсіпорындардың біріне айналды», - дейді ол.
Қазіргі таңда компанияның өзінде 500-ге жуық адам еңбек етеді. Оның 400-ден астамы кен орындарында жұмыс істейді. Инженерлік-техникалық мамандар мен аутсорсинг және аутстаффинг арқылы қызмет көрсететін ұйымдардың жұмысшыларын қоса есептегенде, өндірістік үдеріске тартылған адамдар саны 600-ден асады. Бұл кәсіпорынның өңірдегі жұмыспен қамтуға және мұнай-газ саласының тұрақты қызмет етуіне қосып отырған үлесін көрсетеді.
Қауіпсіздік – өндірістің басты талабы
Мұнай-газ саласында жұмыстың сапасы мен орындалу мерзімі маңызды болғанымен, адам өмірі мен денсаулығынан жоғары тұратын міндет жоқ. Сондықтан «Oil Construction Company» ЖШС үшін өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету – негізгі басымдықтардың бірі.
Компанияда қауіпсіздік талаптарын орындауға арналған жылдық жоспарлар әзірленіп, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту жұмыстары жүргізіледі. Арнайы семинарлар ұйымдастырылып, білім деңгейін тексеруге арналған тесттер өткізіледі. Әрбір қызметкер жұмысқа кіріспес бұрын қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулықтармен танысып, белгіленген талаптарды сақтауға міндетті.
Сонымен қатар өндірістік үдерістерді жетілдіру мақсатында рұқсат құжаттарын электронды түрде рәсімдеу, құжат айналымын цифрландыру және рұқсат беру жүйесін дамыту бағытында жұмыстар қолға алынған. Мұндай шаралар құжаттарды рәсімдеу үдерісін жүйелеуге, жұмыс барысын бақылауды күшейтуге және өндірістік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
«Біздің мақсатымыз – өндірістегі тәуекелдерді азайтып, әр қызметкердің жұмыс орнынан аман-есен оралуын қамтамасыз ету»,- дейді Дәурен Мұратбай.
Бұл ұстаным өндірістік қауіпсіздіктің тек құжат жүзіндегі талап емес, әр қызметкердің күнделікті жұмыс мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы керектігін аңғартады.
Ірі жобалар және өндірістік тәжірибе
Компанияның өндірістік қызметі Жетібай, Қаламқас және Өзен құрылыс құрастыру қызметтері арқылы жүзеге асырылады. Кәсіпорын «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «Доңға Оперейтинг» және басқа да тапсырыс берушілерге сервистік қызмет көрсетеді.
Өндірістік бағыттардың ішінде резервуарлар салу және монтаждау жұмыстарының орны ерекше. Компания мамандары көлемі 20 мың текше метрге дейінгі резервуарларды құрастыру тәжірибесіне ие.
Компания басшылығы үшін әрбір жобаның сапалы әрі белгіленген талаптарға сай орындалуы маңызды. Сондықтан өндірісте жинақталған тәжірибені заманауи технологиялармен ұштастырып, жұмыс тәсілдерін жетілдіруге басымдық беріледі.
Ел игілігіне қызмет ететін жобалар
«Oil Construction Company» ұжымының қатысуымен жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі – Маңғыстау облысындағы теңіз суын тұщыту зауытының құрылысы. Өңір үшін стратегиялық маңызы бар бұл жоба халықты ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған.
«Мен компанияға келгеннен кейін есте қалған ірі жобалардың қатарында осы жұмысты ерекше атап өтер едім.
Жобаның аясында су тұшыту қондырғылары салынып, Жаңаөзен қаласы-на дейін ұзындығы шамамен 202 шақырым болатын құбыр тартылды. Бұл – өңір үшін әлеуметтік маңызы жоғары жұмыс. Өйткені Маңғыстауда су мәселесі әрдайым өзекті болып келгені белгілі.
Аталған нысан - Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылған жобалардың бірі. Біздің ұжым да осы құрылыстың орындалуына өз үлесін қосты. Жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтап, нысанның ел игілігіне берілуіне атсалыстық»,- деді Дәурен Мұратбай.
Маңғыстау үшін су тапшылығы мәселесінің өзектілігін ескерсек, мұндай жобалардың әлеуметтік маңызы ерекше. Өндірістік нысанның құрылысы тек инфрақұрылымды дамытумен шектелмей, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуына да ықпал етеді.
Компания бүгінде басқа да маңызды жобаларға қатысып келеді. Атап айтқанда, «Доңға Оперейтинг» кәсіпорнының мұнай тасымалдау құбырларын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – аталған компаниямен бірлесіп жүзеге асырылып отырған алғашқы жоба.
Алдағы уақытта кәсіпорын қызмет аясын кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуды көздейді. Сонымен қатар Ақтау қаласындағы жылу желілерін жаңғырту секілді инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін қарастыруда. Мұндай бастамалар компанияның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік маңызы бар нысандарын дамытуға да жол ашады.
Өндірістің тұрақтылығы тиімді жоспарлауда
Құрылыс және монтаждау жұмыстарын белгіленген мерзімде орындау материалдық ресурстардың уақытылы жеткізілуіне тікелей байланысты. Компания қызметінде кездесетін қиындықтардың бірі де осы мәселемен сабақтас.
Халықаралық жағдайға байланысты кейбір материалдардың жеткізілу мерзімі ұзарып, өндірістік жоспарларға әсер етуі мүмкін. Әсіресе, Ресейден жеткізілетін өнімдер бойынша осындай жағдайлар кездеседі. Сондықтан қажетті материалдардың көлемін алдын ала есептеп, сатып алу мен жеткізу үдерістерін ертерек жоспарлауға басымдық беріледі.
Өндірістің үздіксіз жұмыс істеуі тек материалдық қамтамасыз етуге емес, ұжымның үйлесімді қызметіне де байланысты. Мамандардың тәжірибесі, жұмысты дұрыс ұйымдастыру және ресурстарды тиімді пайдалану кәсіпорынның жоспарланған міндеттерді орындауына мүмкіндік береді.
Осы бағыттағы маңызды шешімдердің бірі – карьер қорын қамтамасыз ету.
Дәурен Мұратбай: «Бұрын қажетті материалдардың бір бөлігін сырттан сатып алуға мәжбүр болдық. Бұл қосымша шығындарға әкелетін. Кейін карьер қорын толықтыру мәселесіне назар аударып, осы бағытта жұмыс жүргіздік. Қазіргі таңда шамамен 5 миллион текше метр карьер қорын қамтамасыз ету мәселесі шешіліп, алдағы 20 жылға жететін ресурс қоры бар деп жоспарланып отыр».
Мұндай мүмкіндік материалдық шығындарды азайтуға, құрылыс жұмыстарының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және компанияның өндірістік әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді.
Еңбек адамына құрмет – тұрақты дамудың негізі
Кез келген кәсіпорынның жетістігі ең алдымен онда еңбек ететін адамдардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігіне байланысты. Осыны ескере отырып, Oil Construction Company қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың еңбегін бағалауға және кәсіби дамуына мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөледі.
Компания кәсіподақ ұйымымен бірлесіп, жұмысшылардың ұсыныстары мен талаптарын ескере отырып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту бағытында жұмыс жүргізеді. Ұжыммен тұрақты байланыс орнату және қызметкерлер көтерген мәселелерге назар аудару әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қызметкерлерді ынталандырудың негізгі тетіктерінің бірі – жыл сайын ұйымдастырылатын «Үздік маман» байқауы. Оның барысында мамандар кәсіби шеберлігін көрсетеді және жетістікке жеткендеріне бір жыл көлемінде қаржылай сыйлықақы тағайындалады.
Бұдан бөлек, жұмысшылардың кәсіби деңгейіне, тәжірибесіне және біліктілігіне қарай разрядтарын көтеруге мүмкіндік қарастырылған. Оқыту, білімін тексеру және кәсіби деңгейін бағалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі.
Бас директордың пікірінше, қызметкердің еңбегі еленіп, кәсіби өсуіне нақты мүмкіндік берілуі қажет. Мұндай қолдау еңбекке деген ынтаны арттырып қана қоймай, ұжымдық жауапкершілік пен ортақ мақсатқа деген сенімді нығайтады.
Жастарға жол ашу – кадрлық сабақтастық кепілі
Өндіріс саласындағы маңызды мәселелердің бірі – тәжірибелі мамандардың орнын басатын жас кадрларды даярлау. Компанияда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған мамандар аз емес. Алайда өндірістің болашағын қамтамасыз ету үшін осы тәжірибені кейінгі буынға жеткізу қажет.
Дәурен Мұратбайдың айтуынша, тәжірибелі жұмысшылар да жастардың өндіріс орындарына келіп, кәсіби білімін жетілдіріп, білікті маман болып қалыптасуына мүдделі. Өйткені жинақталған тәжірибені кейінгі ұрпаққа беру – өндіріс сабақтастығын сақтаудың маңызды шарты.
Осыған байланысты компания кадрлық әлеуетті сақтауға және жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасауға басымдық береді. Жастардың тәжірибелі қызметкерлерден үйреніп, біртіндеп күрделі әрі жауапты міндеттерді атқаруға бейімделуі өндірістік ұжымның болашағы үшін маңызды.
Қызметкерлердің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында аутсорсинг арқылы жұмыс істейтін мамандарды компанияның штаттық құрамына қабылдау мәселесіне де назар аударылған. Бұған дейін кейбір жұмысшылар сыртқы ұйымдар арқылы ұзақ жылдар еңбек етіп, негізгі штатқа ауысуға үміттенген. Олардың арасында жеті жылға дейін жұмыс істеген азаматтар да болған.
Бұл мәселе қызметкерлердің тұрақты жұмысқа орналасуымен қатар, әлеуметтік кепілдіктері мен болашаққа деген сеніміне де қатысты. Сондықтан компания штатқа қабылдау тәртібін жүйелеп, белгіленген талаптарға сәйкес қызметкерлердің еңбек тәжірибесі мен өзге де көрсеткіштерін ескереді.
2025 жылы екі кезең бойынша 20 адам компания штатына қабылданды. 2026 жылы тағы 10 адамды штатқа қабылдау жұмысы жүргізілді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы шараларды жалғастыру көзделіп отыр. Сонымен бірге өндірістік қажеттілік пен қолданыстағы штат мүмкіндіктері де назарға алынады.
Ардагерлер еңбегі – кейінгі буынға өнеге
Кәсіпорынның бүгінгі жетістіктерінің артында ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен мамандардың үлесі зор. Олар өндірістің қалыптасуына атсалысып қана қоймай, өздерінің кәсіби тәжірибесімен кейінгі буынға жол көрсетіп келеді.
Компанияда сала ардагерлеріне құрмет көрсету дәстүрі қалыптасып келе жатыр. Олар мерекелік және корпоративтік іс-шараларға шақырылып, алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталады. 2025 жылы бірқатар ардагерге «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағын алу мәселесі бойынша жұмыс жүргізілді.
Биылдан бастап зейнеткерлікке жеткен қызметкерлерге естелік сыйлықтар табысталып, шапан жауып, ерекше құрметпен шығарып салуға мән беріліп отыр.
Мұндай дәстүрлер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, еңбек адамына деген құрметті арттырады. Өйткені бүгінгі өндірістік жетістіктердің негізінде аға буынның маңдай тері, кәсіби білімі мен жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі жатыр.
Еңбекке адалдық кәсібилікке жетелейді
Дәурен Мұратбай үшін еңбек адамының қоғамдағы орны ерекше. Оның пікірінше, кез келген саланың дамуы сол жерде жұмыс істейтін адамдардың біліміне, тәжірибесіне және жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан әрбір қызметкер өз міндетіне адал қарап, жұмысты ұқыпты әрі сапалы орындауға ұмтылуы керек.
Әсіресе, өндіріс саласында теориялық біліммен қатар тәжірибенің де маңызы зор. Жас мамандар таңдаған кәсібін терең меңгеріп, үнемі ізденіп, тәжірибелі әріптестерінен үйренуге дайын болуы қажет. Ал жұмыс берушінің міндеті – олардың кәсіби дамуына мүмкіндік жасап, еңбегін әділ бағалау.
«Адамдар ортақ мақсатқа жұмылып, ауызбіршілікпен еңбек етсе, кез келген міндетті орындауға болады», - деген ұстаным кәсіпорын қызметінің негізгі қағидаттарының бірін айқындайды.
«Oil Construction Company» үшін алдағы кезеңде өндірістік қауіпсіздікті нығайту, кәсіби кадрлар даярлау, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және жаңа жобаларға қатысу маңызды бағыттар болып қала береді.
Өндіріс адамының еңбегі тек кәсіпорынның нәтижесімен өлшенбейді. Оның артында өңірдің дамуы, ел экономикасының нығаюы және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істер тұр. Сондықтан еңбекке адалдық, кәсіби жауапкершілік және ортақ мақсатқа жұмылу – тұрақты дамудың басты тірегі.