Маңғыстауда педагогтер арасында республикалық кәсіби шеберлік конкурсы басталды
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстауда техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында республикалық кәсіби шеберлік конкурсы басталды. Байқау мәдениет және өнер саласы, сервис және қызмет көрсету саласының «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігін қамтиды.
Биыл байқауға мәдениет және өнер саласы бойынша еліміздің 16 өңірінен 39 қатысушы, сервис және қызмет көрсету саласы «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігі брйынша 7 өңірден 7 қатысушы жиналды. Қатысушылар он құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында аспаптық орындау, вокалдық өнер, хореография, кескіндеме, мүсін және графика, музыка теориясы, цифрлық модельдеу бағыттары бар.
Маңғыстау өнер колледжі басшының орынбасары Гүлбаршын Бапанова байқаудың педагогтердің кәсіби дамуы мен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
- Бұл - республикалық кәсіби шеберлік конкурсы. Былтыр да ұйымдастырылған, биыл екінші жыл өткізіліп жатыр. Биыл қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Еліміздің 16 өңірінен 39 қатысушы келіп отыр. Барлық өңір қамтылды деп есептейміз. Кәсіби шеберлік конкурсының мақсаты – педагогтердің шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Олар өз әріптестерімен бәсекеге түсіп қана қоймай, бір-бірінің жетістіктерімен танысып, тәжірибе алмасады. Бұл – кәсіби дамуға серпін беретін үлкен мүмкіндік. Осындай байқаулардың нәтижесінде ұстаздар шабыттанып, бұдан да жоғары жетістіктерге жетеді деп сенемін, - деді Гүлбаршын Бапанова.
Байқау 30 қазанға дейін жалғасады. Мәдениет және өнер саласының қатысушылары Маңғыстау өнер колледжінде, ал «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігі бойынша педагогтер Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінде бақ сынайды.
Айта кетейік, республикалық конкурс облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Байқау педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға, үздік тәжірибелерді таратуға және шығармашылық ізденістерін қолдауға бағытталған.