Otpan News Logo

Су тапшылығы: көлік жуу орындарына жаңа шектеу енгізілмек

Су тапшылығы: көлік жуу орындарына жаңа шектеу енгізілмек

OTPANNEWS.KZ – Қазақстанда су тапшылығын азайту және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында көлік жуу орындарында орталықтандырылған ауызсуды технологиялық мақсаттарға пайдалануды шектеу жоспарланып отыр. Осыған байланысты Су кодексіне тиісті түзетулер әзірленді.


Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында мәлімдеді.


Министрдің айтуынша, жыл басынан бері 758 заңбұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен екі еседен астам.


«Сонымен қатар, автокөлік жуу орындарында технологиялық мақсаттарға орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектеу бойынша Су кодексіне түзетулер әзірленді», – деді Нұржан Нұржігітов.


Ведомство басшысы Қазақстанда алынатын судың шамамен 60 пайызы ауыл шаруашылығына жұмсалатынын атап өтті. Осыған байланысты салада су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беріліп отыр.


Қазіргі уақытта мұндай технологиялар қолданылатын ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 702 мың гектарға жеткен. Нәтижесінде шамамен 1,1 млрд текше метр су үнемделген.


Суды тиімді пайдалану шаралары өнеркәсіп пен коммуналдық-тұрмыстық секторда да қолға алынған. Өнеркәсіп орындарын айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшіру көзделген. 2030 жылға қарай суды қайта пайдалану үлесін 28 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.


Министрдің мәліметінше, коммуналдық-тұрмыстық секторда жыл сайын қосымша 260 млн текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік бар.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!