Ақтауда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі басталды
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда №33 жалпы білім беретін мектепте ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі басталды. Олимпиадаға облыс бойынша 1 119 оқушы қатысып, 13 пән бойынша білімін сынайды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Зияткерлік сайыс екі турдан тұрады. Бірінші тур 28 қазанда, екінші тур 29 қазанда өтеді. Ал апелляция 30 қазанға жоспарланған.
Олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында, ал жаратылыстану-математикалық бағыты №33 жалпы білім беретін мектепте ұйымдастырылды.
«Каспий дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Назира Телбаеваның айтуынша, ауыл олимпиадасының мақсаты – ауыл мектептерінің дарынды оқушыларын анықтау және қолдау, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту, пәндік білімдерін тереңдету және білім алушыларға өз қабілеттерін көрсетуге тең мүмкіндік беру.
- Облыстық кезең қатысушыларға өз білімдерін көрсетіп, республикалық олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін береді. Олимпиада оқушылардың білім деңгейін саралап қана қоймай, олардың ізденісіне серпін беріп, өз мүмкіндіктерін бағалауға жол ашады, - деді Назира Телбаева.