Otpan News Logo

Ақтауда төрт елдің жасөспірім дзюдошылары «Er-xan IV» турнирінде бақ сынады

Ақтауда төрт елдің жасөспірім дзюдошылары «Er-xan IV» турнирінде бақ сынады

OTPANNEWS.KZ. – Ақтауда жасөспірімдер арасында дзюдодан «International Tournament Judo Open Er-xan IV» халықаралық турнирі аяқталды. Үш күнге созылған жарыс «Халық арена» спорт кешенінде өтті.


20 қазанда басталған байрақты бәсекеге Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен мыңға жуық жас дзюдошы қатысты. Тартысты додада 2011–2012, 2013–2014 және 2015–2016 жылдары туған ұлдар мен қыздар 36 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. 


Халықаралық турнир жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, өзге елдердің балуандарымен белдесіп, тәжірибе жинауына мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жас дзюдошылардың үлкен спортқа қадам басуына ықпал етеді.


«Бұл жарыс — өңіріміздегі кішкентай балаларымыздың, палуандарымыздың болашақта үлкен олимпиада шыңдарын бағындыруына жол ашатын маңызды қадам.Таяуда ғана қаламызда өткен Азия кубогінде дәл осы татамиде олимпиада жүлдегерлері белдескен еді. Біздің қатысушыларымыз да осындай халықаралық атмосфераны ерте жастан сезініп, алдағы уақытта үлкен жарыстарда ешқандай қорқынышсыз, қобалжусыз күресуді үйренеді. Сонымен қатар, басқа өңірлер мен шетелдерден келген команда өкілдерімен дос болып, өзара қарым-қатынас орнатудың тәрбиелік мәні зор. Осындай ауқымды турнирді ұйымдастыруға мұрындық болған облыстық дзюдо федерациясы мен спорт саласының өкілдеріне алғыс білдіреміз», — деді турнир ұйымдастырушысы Айбар Сайфенов.


Үш күнге созылған тартысты жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен және дипломдармен марапатталды. 



Ұйымдастырушылар балалардың кәсіби спорттағы шеберлігін шыңдау үшін турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

168
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!