«Заң мен тәртіп»: Ақтаулық студенттерге арнайы құрылымда қызмет ету мүмкіндігі ұсынылды
Ақтау қаласында Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті базасында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында студенттермен кездесу өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Шараны Маңғыстау облыстық прокуратурасы ұйымдастырып, оған арнайы өкілдер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты.
Кездесу барысында жастармен ашық диалог орнап, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу бағыттары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, интернет арқылы таралатын заңсыз әрекеттер, оның ішінде есірткі саудасына байланысты қауіптер мен олардың салдары сөз болды.
Жиында облыс прокурорының орынбасары Сәкен Самет арнайы баяндама жасап, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты - студент жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және оларды заң аясында жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған.
«Бүгін студенттермен арнайы кездесу өткізіліп жатыр. “Заң және тәртіп” қағидаты аясында жастарға есірткі сатуға бағытталған сайттар туралы түсіндіру, оларды анықтау және бұғаттау бойынша ағарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, осы бағытқа қызығушылық танытқан студенттерді іріктеп, оларды ІІМ мен прокуратура саласына бейімдеу, кәсіби тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік беру көзделген», – деді ол.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз қаржы айналымына тосқауыл қою, күмәнді банк шоттарын анықтау, дропперлік қызметтің алдын алу бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда жастардың қылмыстық әрекеттерге, әсіресе интернет арқылы жасалатын заңсыз операцияларға тартылуы жиі кездеседі.
Кездесуде студенттер сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауап алды. Мұндай форматтағы басқосулар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қоғамдағы жауапкершілігін арттыруға және болашақ мамандық таңдауда дұрыс бағыт алуға ықпал ететіні атап өтілді.