«AMANAT» партиясы өңірдегі жобалардың орындалуын талқылады
«AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалында өткен депутаттық фракция отырысында өңірдің бюджеті мен сайлауалды бағдарламаның атқарылу барысы сарапталды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілеген Едігеевтің мәлімдеуінше, 2026 жылға арналған «Жол картасы» аясында жоспарланған 78 іс-шараның 14-і бүгінде толық аяқталған. Жиын барысында әлеуметтік сала мен экологиялық жобалардың нәтижелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Білім беру саласында айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады. Облыс бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 100%-ға жетті. Қазіргі таңда өңірдегі 452 мектепке дейінгі ұйымда 50 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Сонымен қатар барлық білім ордасы толықтай интернет желісіне қосылып, оқушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи техникалық жабдықтармен жарақтандырылды. Сондай-ақ 5 650 түлектің сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін жоғары білім алуына жағдай жасалды.
Экологиялық бағыттағы маңызды қадам ретінде «Қошқар-Ата» қалдық қоймасының айналасындағы жұмыстар аталды. Мұнда 30 гектар жер қоршалып, 75 мың түп сексеуіл отырғызылды. Бұл шара аймақтағы экологиялық ахуалды сауықтыруға және улы шаңның таралуын тежеуге бағытталған.
– Атқарушы органдар Сайлауалды бағдарламаның жол картасындағы жобалардың орындалуы бойынша үлкен жауапкершілік танытуы тиіс, – деді депутаттық фракцияның жетекшісі Нұрбек Қарасаев.
Облыстық бюджет мәселесі бойынша облыстық мәслихат депутаттары Киікбай Ешманов, Пәния Сармурзина, Римма Өтесбаева, Бердіғали Берекетов, Сәдуақас Битан, Абзал Марат әлеуметтік, мәдени нысандар, мектептегі тамақтандыру, спорт үйірмелеріне қатысты сұрақтарын қойды.
Сондай-ақ кредиторлық қарыздардың бюджетті нақтылау кезінде қиындық тудыратыны да сөз болды. Облыс әкімінің орындабасары Аббат Өрісбаев бұл түйткілдердің бақылауда екенін айтып, алдағы комиссия отырысында толық ақпарат беретінін айтты. Нәтижесінде, білім мен спорт саласындағы мәселелерді тереңірек зерттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылады.