Ақтауда Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында қоян-қолтық ұрыстан чемпионат басталды
Ақтау қаласындағы «Бесшоқы» спорт кешенінің базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері арасында қоян-қолтық ұрыстан чемпионаттың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Орал қалаларынан келген алты команданың атынан 50-ге жуық спортшы қатысуда. Турнирдің мақсаты - әскери қызметкерлердің жауынгерлік дайындық деңгейін арттыру, қоян-қолтық ұрыс дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ үздік спортшыларды анықтау. Жарыстың алғашқы күнінде-ақ қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты да қызықты жекпе-жектер өткізді. Әрбір айқас төзімділік, күш, ептілік пен әскери ұстамдылықтың нағыз сынағына айналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, финалдық кездесулер ертең өтеді. Оның қорытындысы бойынша чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталмақ.
Үздік шыққан сарбаздар мамыр айында Петропавл қаласында өтетін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының чемпионатында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.