Otpan News Logo

60 минут ішінде үлгеру: Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллингке қарсы іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі бекітілді

60 минут ішінде үлгеру: Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллингке қарсы іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі бекітілді
ашық дереккөзден

Елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік пен жәбірлеу деректеріне дер кезінде әрекет етудің бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді. Аталған бірлескен бұйрық «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңды іске асыру аясында қабылданды, деп хабарлайды  otpannews.kz сайты ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап


Бұл құжат тұңғыш рет полиция, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері және қорғаныс органдары арасындағы жауапкершілікті бөліп берді. Енді бала құқығының бұзылуы туралы кез келген ақпарат нақты мерзімі мен жауапты тұлғалары белгіленген іс болады.


Жүйенің басты мақсаты - әрбір жағдай үшін дербес жауапкершілікті қамтамасыз ететін кейс-менеджерлер институтын енгізу болды. Анықталған оқиға бойынша нақты маман бекітіледі. Ол барлық қызметтердің жұмысын үйлестіреді және баланың құқықтары толық қалпына келгенше оны қолдайды. Мұндай тәсіл ведомстволар арасында жауапкершіліктің болуын және зардап шеккен балаға үздіксіз қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.

 

Ережеде алғаш рет әрекет етудің нақты мерзімдері бекітілді. Зорлық-зомбылық дерегі туралы ақпарат барлық уәкілетті органдарға дереу беріледі. 1 сағат ішінде – мәліметтер балалардың құқықтарын қорғау органына жолданады. 1 жұмыс күні ішінде – кейс-менеджер тағайындалады және баланың өмір сүру жағдайына тексеру жүргізіледі. 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде – материалдар кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға өткізіледі.

 

Енді әрекет етуге тек ресми өтініштер ғана емес,  балалардың өздерінен түскен сигналдар, «111» байланыс орталығының мәліметтері, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жасалған мониторинг негіз болады. Оқиғаларды анықтау жұмысына барлық негізгі құрылымдар, соның ішінде мобильді топтар мен психологиялық қолдау орталықтары тартылды.

 

Балаларға көмек бірыңғай стандарт бойынша көрсетіледі. Оған қолдаудың толық пакеті кіреді: медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және құқықтық. Маңызды өзгеріс - енді мемлекеттік қорғауға және міндетті сүйемелдеуге тек зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар ғана емес, оған куә болған балалар да алынады.

 

 

68
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!