Ақтауда этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған «Бірлік кубогы» сарапқа салынды
Ақтау қаласында Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында «Бірлік кубогы» атты дәстүрлі спорттық турнир ұйымдастырылды. Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен өткен бұл жарыс биыл бесінші жыл қатарынан өткізіліп отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен додаға этномәдени бірлестік өкілдері, жастар ұйымдары мен колледж студенттерінен құралған 10 команда, барлығы 130-дан астам спортшы қатысты. Аталған жарыстың негізгі миссиясы – өңірдегі этносаралық келісімді дәріптеу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Турнирдің ашылу салтанатында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов пен облыстық мәслихат депутаты Абзал Марат құттықтау сөз сөйледі. Оңайбек Әбділов өз сөзінде мемлекеттің іргесін нығайтудағы бірліктің рөлін атап өтіп, спорттық сайыстардың бауырмалдықты арттырудағы маңызына тоқталды. Сайыс бағдарламасына сәйкес, қатысушылар футбол, үстел теннисі және шахмат түрлері бойынша өзара мықтыны анықтады.
Тартысты өткен футбол бәсекесінде Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің құрамасы жеңіске жетіп, турнир кубогын иеленді. Жүлделі екінші және үшінші орындарды Халел Өзбекғалиев атындағы политехникалық колледж бен Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі өзара бөлісті.
Жекелей сын бойынша үстел теннисінен Родион Уклеин алдына жан салмаса, шахмат тақтасында Мейрамбек Рабил (ұлдар арасында) мен Ангелина Полякова (қыздар арасында) жеңімпаз атанды.
Жарыс соңында барлық жүлдегерлерге арнайы дәрежедегі дипломдар мен медальдар табысталды.