Otpan News Logo

Маңғыстауда әскери қызметтің беделін арттыру үшін жұмыстар жүргізілуде

Маңғыстауда әскери қызметтің беделін арттыру үшін жұмыстар жүргізілуде
ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасының Президенті армияның жауынгерлік қабілетін күшейту және әскери қызметтің беделін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Бұл тапсырмалар әскери қызметкерлер үшін әлеуметтік қорғауды күшейтуді, қару-жарақты жаңарту мен заманауи технологияларды енгізуді, қызмет жағдайын жақсартуды, баспанамен қамтамасыз етуді, әскери мамандықтардың мәртебесін көтеруді және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді дамытуды қамтиды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің Қызметтік іс-қимылды ұйымдастыру бөлімінің бастығы, подполковник Сергей Ивановтың айтуынша, негізгі екпін әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғауды күшейтуге қойылып отыр. Бұған сақтандыру, жеңілдіктер, қызметтен кейінгі кепілдіктер, инфляция мен қызметтік тәуекелдерді ескере отырып ақшалай үлесті арттыру, сондай-ақ үстемақылар жүйесін (еңбек өтілі, біліктілігі, қызмет жағдайы үшін) жетілдіру жатады. Сонымен қатар, қызметтік тұрғын үй қорын кеңейту және жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды дамыту арқылы әскерилерді баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.


«Армияның жауынгерлік әзірлігін нығайту аясында жаңа қару-жарақ пен әскери техника сатып алынып, жаңғыртылуда. Соған сәйкес, көптеген жаңа әскери мамандықтар дамып жатыр. Жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейі артып, аумақтық қорғаныс күштері дамуда. Талдау мен жоспарлау үшін цифрландыру және жасанды интеллект элементтерін қамтитын заманауи технологиялар енгізіліп, киберқауіпсіздік пен барлау мүмкіндіктері күшейтілуде», -деді Сергей Иванов.

Мемлекет басшысының маңызды тапсырмаларының бірі - әскердегі әлімжеттік (дедовщина) фактілері мен әскери қызметшілердің құқықтарының бұзылуын болдырмау, бөлімдердегі моральдық-психологиялық ахуалды бақылауды күшейту және медициналық қамтамасыз ету сапасын арттыру болды.


«Кез келген ер адамдар ұжымында қақтығыс сәттері болып тұрады. Бірақ қызмет жағдайын жақсарту және әскери тәртіпті бақылау үшін әр бөлімшеде бейнекамералар орнатылуда. Олардың көмегімен жеке құрамның іс-әрекетін нақты қадағалап, бақылауға болады», -деді Маңғыстау облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлім бастығы.


Әскери мамандықтардың қоғамдық мәртебесін көтеру үшін БАҚ-та ақпараттық науқандар жүргізіліп жатыр: журналистер оқу-жаттығулар мен операциялардың барысын көрсетіп, әскери қызметкерлерден сұхбат алады, олардың күнделікті қызметі туралы баяндайды. Әскерилердің өздері де білім беру бастамаларына белсене қатысуда: ашық сабақтар, мектеп оқушыларымен кездесулер, әскери бөлімдерде ашық есік күндері мен экскурсиялар, әскери-спорттық ойындар, жарыстар мен далалық лагерьлер ұйымдастырылады. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында кадет сыныптары мен әскери-спорттық клубтар құрылуда.

68
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!