Otpan News Logo

Маңғыстауда NEET жастарын дамытуға басымдық берілуде

|
23.04.2026 20:11
Маңғыстауда NEET жастарын дамытуға басымдық берілуде

Маңғыстау облысында NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағыт – өңірдегі жастар саясатының басым міндеттерінің бірі. Өйткені дәл осы санаттағы жастар еңбек нарығынан тыс қалып, әлеуметтік белсенділіктен шеттеп қалуы ықтимал, деп хабарлайды otpannews.kz сайты жастар басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 


Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма аталған мәселені шешу үшін нақты жобаларды қолға алған. Соның ішінде, еңбек нарығында қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстары ұйымдастырылып, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл курстар тек теориямен шектелмей, практикалық дағдыларды дамытуға бағытталған, яғни жастардың нақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.


Сонымен қатар, NEET санатындағы жастармен жеке байланыс орнатылып, адрестік жұмыс тұрақты жүргізіліп жатыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар арқылы олардың әлеуметтік ортаға қайта қосылуына жағдай жасалуда. Мұндай алаңдар жастардың өзара қарым-қатынасын арттырып қана қоймай, өз-өзін дамытуға деген ынтасын күшейтеді.


Алдағы уақытта басқарма «Іскер жас» және «Талаптан» жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар жастардың кәсіпкерлік дағдысын дамытуға, жаңа мамандықтарды игеруіне және өзін-өзі жұмыспен қамтуына бағытталады. Аталған жобалар арқылы жастарға тек білім беріліп қана қоймай, оларды нақты нәтижеге жеткізетін қолдау тетіктері ұсынылады.

121
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!