Ақтаудағы «Ақбота» паркін кешенді абаттандыруға 2,5 млрд теңге бөлінеді
Ақтау қаласындағы «Ақбота» паркі, әкімдік уәдесіне сәйкес, тұрғындар мен қала қонақтарына арналған заманауи мәдени-демалыс кеңістігіне айналады. Жобаны қаржыландыру демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асырылады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, конкурс рәсімдері аяқталған. Қазіргі уақытта мердігер ұйыммен келісімшартқа қол қою процесі жүріп жатыр. Жұмыстарды аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Жалпы аумағы 107 439 шаршы метрді құрайтын парк аумағында көпфункционалды қоғамдық кеңістік құру көзделген. Оны жыл бойы пайдалануға мүмкіндік болады.
Мердігердің негізгі міндеті – парк аумағын кешенді абаттандыру. Атап айтқанда, ыңғайлы жаяу жүргінші желісін қалыптастыру, серуендеу аллеяларын салу, тыныш демалыс аймақтарын (беседкалар, көлеңкелі шатырлар, орындықтар) орналастыру, құрғақ климатты ескере отырып ландшафтық дизайнды дамыту, заманауи шағын сәулеттік нысандар орнату, сауда және қызмет көрсету орындарын, автотұрақтарды ұйымдастыру, биоәжетханалар орнату ескеріліп отыр.
Сонымен қатар қыс мезгілінде кеңістікті бейімдеу де жоспарланған: мұз айдынын жасау, мұз сырғанақтарын орнату және инфрақұрылымды жыл бойы пайдалануға икемдеу.
Мамандардың бағалауынша, қазіргі уақытта парк пен оған іргелес жағалауда аумақ бөліктерін өзара байланыстыратын біртұтас жүйе қалыптаспаған. Бұдан бөлек, инфрақұрылым, демалыс орындары мен көгалдандыру жеткілікті деңгейде дамымаған. Дегенмен мұнда тротуарлар, веложолдар және жекелеген алаңдар бар.
Қолда бар инфрақұрылым негізінде отбасылық белсенді демалысқа арналған орта қалыптастыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, дамытушы элементтері бар балалар ойын алаңдары, спорт аймақтары, скейт-парк, сырғанақтары мен интерактивті элементтері бар алаңдар, сондай-ақ келушілерді тартатын «құрғақ» субұрқақ қарастырылған.
Көгалдандыруға да ерекше мән берілмек. Жергілікті климатқа бейімделген ағаштар мен өсімдіктер отырғызу жоспарланған. Олардың қатарында тал, шырша, шаған, жөке ағаштары, сондай-ақ сирень, арша, туя секілді бұталар мен көпжылдық гүлдер бар.
Абаттандыру аясында бірыңғай сәулеттік стиль қалыптастыра отырып, тас төсемдер мен жаяу жүргінші жолдарын салу, сондай-ақ заманауи жарықтандыру жүйесін орнату көзделіп отыр. Бұл кешкі уақытта қауіпсіздік пен жайлылық деңгейін арттырады.
Жоба іске асқан жағдайда «Ақбота» паркі қаланың негізгі қоғамдық кеңістіктерінің біріне айналып, тұрғын аудандарды байланыстыратын әрі демалыс, спорт және мәдени уақыт өткізуге арналған жаңа сапалы орта қалыптастырады.