Маңғыстау облысы бойынша МКД демалыс маусымы қарсаңында кедендік ережелер туралы ескерту жасады
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінде демалыс маусымы қарсаңында елімізден тыс жерлерге шығу кезінде қолданылатын кедендік ережелер еске салынды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның ішінде негізгі шектеу қолма-қол ақша алып шығуға қатысты болып отыр.
ҚР Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 Жарлығына сәйкес, елден 10 000 (он мың) АҚШ доллары баламасынан асатын мөлшерде қолма-қол шетел валютасын және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдарын алып шығуға тыйым салынады.
Сома Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шығу күніндегі ресми бағамы бойынша есептеледі. Бұл лимит әрбір адамға жеке қолданылады, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларға да қатысты. Отбасымен сапарға шыққанда әрбір отбасы мүшесіне 10 000 АҚШ доллары баламасынан аспайтын қолма-қол ақша алып шығуға рұқсат етіледі.
Маңызды: жолаушылар кедендік декларациясын толтырғанның өзінде, көрсетілген лимиттен асатын соманы алып шығуға болмайды. Ереже бұзылған жағдайда артық ақша кеден органдары тарапынан тәркіленеді.
Қолма-қол ақшаны декларациялау
Қазақстан Республикасының «Кедендік реттеу туралы» кодексіне сәйкес (343-баптың 1-тармағы 7-тармақшасы), егер кедендік одақ аумағынан бір мезгілде алып шығылатын қолма-қол ақша мен жол чектерінің жалпы сомасы 10 000 АҚШ доллары баламасынан асса, олар жазбаша түрде декларациялануға тиіс. Алайда №830 Жарлықтың әрекетіне байланысты лимиттен асатын соманы декларациялаған күннің өзінде алып шығуға тыйым салынады.
Департаменттің ұсыныстары:
- Шетелде жайлы демалу үшін халықаралық төлем жүйелерінің банк карталарын немесе қолма-қол ақшасыз аударымдарды пайдаланған жөн.
- Сапар алдында ҚР Ұлттық Банкінің валюталардың өзекті бағамын тексеріңіз.
- Баратын елдің кедендік ережелерімен танысыңыз (алкоголь, темекі, азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да тауарларды алып кіру шектеулері).
- Жеке пайдалануға арналған заттар (киім, техника және басқа бұйымдар) шектеусіз (ақылға қонымды көлемде, коммерциялық мақсатсыз) алып шығарылады.
Алып шығуға тыйым салынған немесе шектелген заттар:
- Мәдени құндылықтар, антиквариат - тек тиісті рұқсат бойынша.
- Қару-жарақ, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар - арнайы рұқсат бойынша.
- Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ олардан жасалған бұйымдар - CITES рұқсат құжаттарынсыз болмайды.
- Көп мөлшердегі дәрілік заттар - дәрігердің рецепті немесе анықтамасы болғаны жөн.