Заман талабы және Ата Заң: Бекзат Жүсіп конституциялық өзгерістерге қатысты пікір білдірді
Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп еліміздегі конституциялық реформаның мәні мен маңызына тоқталып, Ата Заңның жаңа философиясы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бекзат Жүсіптің айтуынша, қоғам мен дүниетанымның өзгеруі заңдардың да жаңаруын талап етеді. Ол конституциялық реформаның тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлемге тән үрдіс екенін атап өтті. Мәселен, Норвегия Ата Заңына 200 өзгеріс енгізсе, Германия 100 бабын өзгерткен.
“Жылдан-жылға техника мен технология ғана жаңарып қоймайды, адам мен қоғам да өзгереді. Адам мен қоғам өзгерді деген сөз – дүниетаным жаңа сипат алды деген сөз. Олай болса, заң шығарушылар топтастыратын елдің басты ережелер жинағы – Конституцияның да заманға сай өзгеріске ұшырауы қисынды”, — деп жазды Бекзат Жүсіп.
Биылғы реформаның басты ерекшелігі — оның ашықтығы мен жалпыхалықтық сипатында. Жаңа жобаны дайындау барысында e-Otinish пен eGov порталдары арқылы азаматтардан 2 мыңға жуық ұсыныс жинақталған. Әкім орынбасары бұл өзгерістердің әр азамат үшін маңызды екенін алға тартады.
“Өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізу жайы талқыланды. Жұмыстың нәтижесі, яғни Конституцияның жобасы БАҚ-та жарияланды. Онымен Қазақстанның әр азаматы таныса алады. Өз құқын нақты қорғалатын құндылыққа айналдыру әркімнің өз қолында!”- деп бөлісті қала әкімінің орынбасары.