Otpan News Logo

Маңғыстауда салық органдары атын жамылып жасалатын алаяқтық көбейген

Маңғыстауда салық органдары атын жамылып жасалатын алаяқтық көбейген

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарды салық органдарының атынан таралып жатқан жалған хабарламалардан сақ болуға шақырды. Соңғы уақытта азаматтарға салық режиміне көшу, «шұғыл хабарлама», айыппұл салу туралы ескертулер жіберіліп, күмәнді сілтемелер арқылы өтуді талап ететін жағдайлар жиілеген, деп хабарлайды otpannews.kz


Ведомствоның мәліметінше, бұл хабарламаның барлығы алаяқтардың әрекеті. Олар азаматтарды қорқытып, шатастырып жеке деректері мен қаржысын иемденеді.


Мемлекеттік кірістер департаменті алаяқтыққа жол бермеу үшін бірнеше маңызды ережені еске салады. Барлық ресми хабарламалар тек Салық төлеушінің жеке кабинетіне немесе тексерілген арналар арқылы жіберіледі. Атап айтқанда, ресми электрондық сервистер, push-хабарламалар және 1414 байланыс орталығы қолданылады. Салық қызметкерлері ешқашан СМС арқылы келген растау кодын немесе құпиясөзді сұрамайды. Сонымен қатар, «төлеу» немесе «тексеру» батырмалары бар күмәнді сілтемелерге өтуге болмайды.


Мамандар азаматтарға күмәнді хабарламаларға жауап бермеуге, бейтаныс жіберушілерден келген сілтемелерді ашпауға және жеке әрі қаржылық деректерді ешкімге бермеуге кеңес береді. Барлық ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.


Сонымен қатар департамент оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режиміне көшу туралы да түсініктеме берді. Бұл режимге көшу жөніндегі хабарламаны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тапсыруға болады. Өтінімді ЭЦҚ арқылы Салық төлеушінің кабинетінде, e-Salyq Business мобильді қосымшасында, Kaspi, Halyk, БЦК банктерінің қосымшаларында немесе Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде жеке барып беруге мүмкіндік бар.


Салық органдары ешқандай кодтар, кезектер немесе «алдын ала жазылуларды» талап етпейтінін атап өтті. Ведомство өкілдері алаяқтар адамдардың қорқынышы мен асығыстығын пайдаланатынын ескертіп, тұрғындарды сақ болуға және тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырады.

57
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!