Ақтаудағы дәмханалардың бірінде жанжал туындап, төбелес сотқа дейін жетті
Ақтаудағы дәмханалардың бірінде жиһаздың химиялық тазалау (химчистка) ақысын төлемегені үшін қыз баланы соққыға жықты. Оқиға соңы екі тараптың да үстінен қылмыстық іс қозғалуымен аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жанжал 2025 жылдың 31 желтоқсанында орын алған. Дәмхана иесі келуші қыздың байқаусызда төгіп алған шайы үшін диванды тазалауға кететін 14 000 теңгені дереу төлеуін талап еткен.
Жәбірленушінің айтуынша, ол шығынды өтеуден бас тартпаған, тек туыстарының келуін күтуді өтінген. Алайда, мекеме басшылығы мен күзет қызметкерлері күтуден бас тартып, күш көрсетуге көшкен.
Бейнежазбада бірнеше ер адамның бойжеткенді итеріп, шашынан сүйреп, күш қолданғаны анық көрінеді. Заттарын тартып алып, далаға қуып шыққан.
Қыздың айтуынша, жанжал кезінде оның жеке заттары – ұялы телефоны, ноутбугі және сырт киімі салынған пакеттері күшпен тартып алынған.
“Мені сырт киімімсіз және телефонымсыз далаға қуып шықты. Көшедегі адамдардан телефон сұрап, көмек шақыруға мәжбүр болдым»,- дейді жәбірленуші.
27 қаңтар күні дәмхана иесі де қарама-қарсы арыз түсірген. Оның уәжінше, қызбен қақтығыс кезінде өзі де жарақат алған.
Аталған факті бойынша Полиция департаменті жауап берді.
“Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталып, қылмыстық істер сотқа жолданды. Тексеру барысында жанжалға қатысушылардың денесінде соққы іздері бар екені расталды. 2026 жылдың 31 қаңтарында қылмыстық істер процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды”,- деді Полиция департаментінің өкілдері.