Бейнеуде жаңа Конституцияның жобасы талқыланды
Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаевтың төрағалығымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған аудан активінің отырысы өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аталған жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Бораш, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері, сондай-ақ мекеме мен кәсіпорын басшылары қатысқан.
Отырыс барысында аудан басшысы жаңа Конституция жобасын әзірлеу мақсатында құрылған Конституциялық кеңестің жұмысы жөнінде қысқаша ақпарат берді. Оның айтуынша, конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде қолға алынған. Бұл бастама Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беру мақсатында көтерілген болатын.
Аталған бастаманы іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Конституциялық кеңес құрылып, оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдері енген. Жалпы алғанда, комиссия құрамына 130 адам тартылып, Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен өңірлері толық қамтылды.
Аудан әкімі 31 қаңтар күні жаңа Конституция жобасы жарияланып, кең қоғамдық талқылауға ұсынылғанын атап өтті. Сондай-ақ, 2 ақпан күні облыс әкімінің төрағалығымен өткен облыстық актив отырысында Конституциялық кеңес мүшелері – облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев мен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасағанын жеткізді.
Актив отырысында аудандық мәслихат төрағасы Ардақ Бораш жаңа Конституция жобасында өзгеріске ұсынылған баптарға тоқталып, құжатпен жан-жақты танысып шығуға толық мүмкіндік бар екенін атап өтті.