Otpan News Logo

Ақтауда қалалық емхана заманауи КТ аппаратымен жабдықталды

Ақтауда қалалық емхана заманауи КТ аппаратымен жабдықталды

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының қаржыландыруымен №2 Ақтау қалалық емханасына жаңа компьютерлік томография (КТ) аппараты табысталды, деп хабарлайды otpannews.kz басқарманың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, өңірдегі медициналық ұйымдардың бас дәрігерлері және емханаға тіркелген зейнеткерлер қатысты.


Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев халықтың денсаулығы – ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті.


Маңғыстау облысында медициналық инфрақұрылымды жаңарту, емдеу ұйымдарын заманауи медициналық техникамен жабдықтау және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып келеді. Бүгін, міне №2 Ақтау қалалық емханасына компьютерлік томография аппараты табысталып отыр. Бұл қала тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Сырқаттарды ерте кезеңде анықтап, уақытылы әрі тиімді ем жүргізуге жол ашады. Бұл – өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған маңызды қадам,– деді Аббат Өрісбаев.


Жаңа КТ аппараты арқылы бас миы, өкпе, ішкі ағзалар, сүйек-бұлшықет жүйесі және басқа да мүшелерді жоғары дәлдікпен тексеруге болады. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары және неврологиялық ауруларды анықтауда үлкен маңызға ие. Компьютерлік томография 80 срездік аппараты тәулігіне 50–60 науқасты тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқа КТ аппараттарының аналогтарымен салыстырғанда, зерттеу барысында қолданылатын радиоактивті сәуле мөлшері едәуір төмен.


Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы алдағы уақытта өңірдегі медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған тапсырмалары аясында жүзеге асырылып келеді.

81
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!