Otpan News Logo

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – басты басымдық

|
02.02.2026 14:20
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – басты басымдық
ашық дереккөз

Мемлекет басшысының 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыру, осы саладағы жұмыстарды үйлестіру, сондай-ақ заң бұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту бойынша маңызды өкілеттіктер жүктелді.


Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 5 қаңтардағы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударды. Қазір бұл – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы екендігін атап өтті. Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады.


Жазалау емес, превенция


Бүгінгі таңда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты түбегейлі жаңарды. Егер бұрын негізгі мақсат қылмыскерді құрықтау болса, қазіргі басымдық – жемқорлыққа жол бермейтін жағдай жасау (превенция). Біздің Департамент – Агенттіктің өңірдегі өкілетті органы ретінде Маңғыстау облысында мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және жемқорлықтың алдын алу шараларын тікелей жүзеге асыруда.


Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстың алдын алу үшін ағарту жұмыстарына айрықша назар аударылады. Жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениетін қалыптастыруды бала кезден бастау қажет, бұл істе мектеп пен ата-ананың рөлі шешуші.


Ашықтық пен цифрландыру – сенім негізі


«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының өзегі – ашықтық пен есеп берушілік. Тұрғындар мемлекеттік биліктің тиімділігін Астанадағы министрліктердің емес, өз ауылындағы немесе қаласындағы әкімдіктің жұмысына қарап бағалайды. Сондықтан жергілікті билік органдарының ашықтығы – жемқорлыққа қарсы иммунитеттің негізгі факторы.


Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жемқорлықты жоюдың ең тиімді жолы – процестерді автоматтандыру және адами факторды жою. Өңірімізде мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, бұл «таныс іздеу» немесе «пара ұсыну» сияқты келеңсіздіктердің жолын кеседі.


Департаменттің басым міндеттері


Департамент ережесіне сәйкес, біз қылмыстың салдарымен емес, оның себептерімен күресуді мақсат тұтамыз. Осы бағытта мынадай жүйелі шаралар атқарылуда:


* Тәуекелдерге талдау жасау: Мемлекеттік органдардың, мемлекеттік мекемелердің және квазимемлекеттік сектордың жұмысындағы «қуыстарды» анықтап, оларды жою бойынша ұсынымдар беру.

* Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет: Қоғамда адалдық идеологиясын насихаттау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу.

* Комплаенс-қызметі: Квазимемлекеттік секторда корпоративтік адалдық стандарттарын енгізу.

Ортақ жауапкершілік


Мемлекеттік қызметші болу – артықшылық емес, зор жауапкершілік. Бір ғана шенеуніктің заңсыз әрекеті бүкіл жүйеге көлеңке түсіретінін әрбір басшы түсінуі тиіс. Сонымен қатар, азаматтардың да белсенділігі маңызды: заңды талап ету және пара беруден бас тарту – таза қоғамға жасалған маңызды қадам.


Біз ашық диалогқа әрқашан дайынбыз. Маңғыстау өңіріндегі заң үстемдігі мен мемлекеттік қызметтің абыройы – бәрімізге ортақ мүдде. Әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысын адал әрі халыққа жақын болып атқарғанда ғана біз биік мақсаттарға жетеміз.


Тоқтамыс Жұмағұлов 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!