Otpan News Logo

Маңғыстау дзюдосы: Өңірлік федерация 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті

|
28.01.2026 11:14
Маңғыстау дзюдосы: Өңірлік федерация 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті
Фото: МО дзюдо федерациясы

Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясы 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Құжат өңірде дзюдо спортын жүйелі дамытуға, спортшылардың шеберлігін арттыруға және республикалық әрі халықаралық ареналарда бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлауға бағытталған, деп жазады otpannews.kz.


Жоспар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және Қазақстан дзюдо федерациясының талаптарына сәйкес әзірленген. Негізгі міндеттер қатарында облыста дзюдо спортын дамыту, балалар мен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы спорттық резервті қалыптастыру, облыс құрамасын дайындау және жаңарту, сондай-ақ жаттықтырушылар мен төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыру көзделген.


2026 жылы федерация күнтізбелік жоспарға сәйкес спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізуді, бапкерлер мен төрешілерге арналған семинарлар ұйымдастыруды, татамилерді жаңартуды, спорттық құрал-жабдықтар сатып алуды және демеушілер тартуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жоғары нәтижелер көрсеткен спортшыларға жас ерекшеліктері мен жетістіктеріне қарай қосалқы стипендия тағайындау көзделген.


Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Айбек Имашев федерация жұмысының басты бағытын атап өтті.


«Федерацияда жинаған республикалық және халықаралық тәжірибемді толық енгізуге күш саламын. Негізгі мақсатымыз – ұлттық құрамаға жол ашатын, Олимпиада мен әлемдік аренада бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлау. Бұл бағытта адалдыққа, әділдікке және бірлікке негізделген жүйелі өзгерістерді іске асырамыз. Барша дзюдо жанашырын бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», – деді ол.


Жиын барысында федерацияның вице-президенттері болып Нұрлыбек Әдеков, Мирас Сайынов, Нұрбек Досаханов және Еркін Демеген тағайындалды.

Сондай-ақ, осыған дейін федерация президенті қызметін атқарған Асылбек Жолдыбаевқа «Құрметті президент» мәртебесін беру туралы шешім қабылданып, ол Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының Құрметті президенті болып сайланды.


Сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі төреші Әділ Бисенқұлы Темірханұлы федерацияның рефери директоры лауазымына тағайындалды. Федерация жанынан Тәртіптік кеңес құрылып, оның төрағасы болып Парасат Ильясұлы Каракушиков бекітілді. Кеңес спорттық этика мен тәртіп ережелерінің сақталуын бақылау және тәртіптік мәселелерді қарау жұмыстарымен айналысады.

95
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!