Ақтауда есірткінің заңсыз айналымы әшкереленді
29 қаңтарда шамамен сағат 22:00-де Ақтау қаласында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері есірткі құралдарын «закладка» тәсілімен заңсыз сақтау және тарату дерегін анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қаланың шағын аудандарының бірінде есірткі заттарын таратты деген күдікпен екі азамат ұсталды. Тыйым салынған заттардың алдын ала дайындалған жасырын орындарда сақталып, таратылған.
- Оқиға орны мен уақытша жалға алынған тұрғын үйді қарау, сондай-ақ ұсталғандардың өз еркімен жасырылған орындарды көрсетуі барысында заңсыз айналымнан зип-пакеттерге салынып, изолентамен оралған, жасыл түсті, өзіне тән иісі бар, өсімдік тектес, есірткі затына ұқсас заттар тәркіленді. Сонымен қатар, қылмыстық әрекеттерді үйлестіру үшін пайдаланылуы мүмкін ұялы телефондар алынды. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша ұсталғандардың есірткі заттарын тұтыну дерегі анықталған жоқ, - деді ПД.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдіктілер қашықтан басқарылатын куратордың нұсқауымен мессенджерлердің бірі арқылы заңсыз қызметпен айналысқан.
Ұсталған тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл дерек бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар жасалады. Тергеу нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.