Otpan News Logo

Жас суретшінің әлемі

Жас суретшінің әлемі

Қазіргі қоғамда жас суретшінің бейнесі - шығармашылық ізденіс пен жаңашыл ойдың тоғысқан нүктесі іспетті. Бүгінде сурет салу өнері тек эстетикалық көрініс қана емес, әлеуметтік ойды, жеке көзқарасты және уақыттың тынысын жеткізетін маңызды коммуникациялық құралға айналып отыр. Әсіресе жас буын өкілдері үшін бейнелеу өнері - өзін тану, өз болмысын қалыптастыру, ішкі әлемін сыртқы кеңістікпен байланыстырудың тиімді тәсілі.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады",-деп атап өткен болатын. Бұл тұжырым бүгінгі жас суретшілердің шығармашылық болмысына да тікелей қатысты. Себебі олар дәстүр мен заманауи бағыттың түйіскен тұсында тұрып, өнер арқылы жаңа көзқарас пен тың ой ұсынады.


Сондай суретшілердің бірі - 21 жастағы қылқалам иесі Данияр Жаниязов. Ол сурет салумен сегіз жасынан бастап айналысады. Балалық қызығушылығы уақыт өте келе саналы таңдауға, кәсіби мамандығына айналған.


Даниярдың өнерге алғашқы қадамы өнер мектебінде басталады. Мұнда ол алты жыл бойы бейнелеу өнерінің негіздерін меңгереді. Мектепті тәмамдаған соң Ақтау қаласындағы өнер колледжіне кескіндеме мамандығына оқуға түсіп, кәсіби қалыптасу кезеңіне аяқ басады. Колледж қабырғасында ол суретші Болат Әділұлының сыныбында білім алып, негізгі арнайы пәндерді осы ұстазынан үйреніп шығады.


Колледжді төрт жылдан кейін тәмамдап, «Бәйге» сюжетінде дипломдық жұмыс жаздым. Сол жұмыстан кейін өзімді нағыз суретші ретінде сезіндім, -дейді Данияр.


Аталған дипломдық жұмысқа ол үш ай уақытын арнаған. Осы кезеңде Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейін аралап, көркем мұраларды зерттеп, ізденіс жүргізген.Яғни, бұл оның әбден зерттеп, толғанып жазған жұмыстарының алғашқысы болды.


Дәл осы шығармашылық кезеңнен кейін Даниярдың сурет салуға деген ниеті біржола қалыптасып, нақты осы саланы өмірлік бағыт ретінде таңдауға бел буады. Алайда бұл шешім бір күнде қабылданбаған.


Бұл уақытқа дейін нақты суретші боламын ба, жоқ па деп көп ойландым. Өйткені суретшінің жолы - қиын жол. Өмір бойы сурет салып күн көре аласың ба, саған тапсырыс берушілер табыла ма, адамдарға жұмыстарың ұнай ма деген сияқты сұрақтар мазалады. Болашағыма қарасам белгісіздік көп болды, - дейді ол.


Соған қарамастан, Данияр колледжде оқып жүрген кезінде-ақ кәсіби ортаға бейімделе бастайды. Екінші курстан бастап тапсырысқа сурет салып, қарапайым портреттер жазып, сабақ барысында алған теориялық білімін тәжірибе жүзінде сынайды.


Басқа студенттер бұл жағынан әлсіздеу болса, маған бұл жұмысым көп көмектесті, - дейді ол.


Уақыт өте келе Данияр қабырғаға сурет салумен, роспись жасаумен айналысып, қала ішінде танымал бола бастайды. Осылайша оның тұрақты клиенттік базасы қалыптасады. Бұл өз кезегінде колледжді бітірген соң немен айналысатынын нақты түсінуіне жол ашады. Оқуды аяқтағаннан кейін Данияр Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына барып көрген. Алайда ол уақытта толыққанды оқуға түсуге дайын еместігін сезіп, бұл шешімді кейінге қалдырады.


Әлі ойланамын дедім. Сөйтіп жоғары оқу орнына түскен жоқпын. 2023 жылдан бері еңбек етіп, өзімді кәсіби тұрғыда дамытып келемін, - дейді суретші.


Дегенмен жас суретші мұнымен шектеліп қалғысы келмейді. Алдағы уақытта Ресей мемлекетінде, Мәскеу немесе Санкт-Петербург қалаларында білім алуды жоспарлап жүр. Атап айтқанда, С.Г.Строганов атындағы Ресей мемлекеттік көркем-өнеркәсіп университеті немесе Илья Репин атындағы Санкт-Петербург көркемөнер академиясында оқу - оның алға қойған мақсаттарының бірі.


Егер бұл жоспарлар орындалмаса, Еуропаға немесе АҚШ-қа барып, жұмыс жасап,  кәсіби деңгейімді көтерсем, ары қарай дамысам деймін, – дейді Данияр.


Даниярдың суретшілік қабілеті нағашы жұртынан дарыған. Анасы дизайнер, киім тігумен айналысады. Нағашылары да қолөнерге жақын, шебер адамдар болған. Өзі де бала күнінен балға мен шегені серік етіп, ұсақ жұмыстарға әуес болып өскен. Ал сурет салуға қызығушылығы сегіз жасында оянған.


Компьютерлік "Mortal Kombat" ойынын ойнап отырып, ондағы кейіпкерлерді салғым келді. Жалпы адам анатомиясы, эстетикасы қатты ұнайтын. Адамдардың портретін салудан шабыт алатынмын, - дейді Данияр Жандосұлы.


Кейіпкеріміз көпбалалы отбасының тұңғышы. Көп ата-ана секілді, оның ата-анасы да баласының тек өнер жолын таңдауына алаңдаушылықпен қараған.


- Маған сенбей, "нақты осы саланы қалайсың ба?" деп үнемі сұрайтын. Өзімде де іштей сенімсіздік болса да, ата-анама бәрі жақсы болады деп сендірдім. Сондықтан студент болып жүріп-ақ жұмыс жасап, кейін өзіме далада қалып қоймайтындай жағдай жасағым келді, - дейді жас суретші.


Бүгінде ата-анасы ұлдарының таңдаған жолына толық сенім артады. Көз майын тауысып, адал еңбегімен отбасына жәрдемдесіп жүрген Даниярдың болашағынан үміт зор.


Қазіргі таңда Данияр сурет салумен қатар қабырғаға роспись, муралдар жасаумен айналысады. Ол әр түрлі мейрамханаларға, компьютерлік клубтарға, бизнес орталықтар мен кеңселерге, тіпті ғимараттардың қасбеттеріне сурет салған.


Қанша жерден цифрландыруға өтсек те, қолөнер мен сурет салу ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. Қабырғаға тұсқағаз жапсырып қойғаннан гөрі, сурет салу кез келген интерьер мен экстерьерге ерекше атмосфера сыйлайды. Себебі суретші оған жанын салып жасайды, - дейді ол.


Суретшінің танымал жұмыстарын облыстық Әбіш Кекілбайұлы атындағы музейдегі "Табиғат" залынан көруге болады. Бұл залды жасақтауға Данияр командасымен 3 ай уақыт жұмсап, Қызыл кітапқа енген жан-жануарлардың мүсіндерін де жасап, қабырғаларды да безендірген.


Данияр Жаниязов бір картинаны майлы бояумен салуға 15 сағаттан астам уақыт жұмсайды. Ал қабырға суреттері жұмыстың күрделілігі мен көлеміне қарай орта есеппен бір-екі аптада аяқталады. Үлкен жобаларға бір айдан астам уақыт  арнайтын кездері де болады екен.


Көпшілік шабытты қайдан аласың деп сұрайды. Осы кезде Тынышбек ағамның айтқан сөзі еске түседі. Негізі суретшіге шабыт керек емес. Сен алдымен жұмысты бастауың керек. Сонда шабыт жұмыс барысында өзі келеді. Шабыт келсін деп күтіп отыра алмайсың, - дейді ол.


Сонымен қатар Данияр кино саласына, режиссураға да қызығады. Бұрын мультфильм салатын мультипликатор болуды армандаған. Анимациямен айналысу оған ерекше шабыт береді. Оның айтуынша, режиссер де - суретші, әрі бұл сала да терең білімді талап етеді. Сондай-ақ оның кітап оқуды жаны сүйеді, кейіпкерлерді талдап, әр детальді елестеткенді ұнатады.


Соңғы жылдары оның кәсіби өсуіне арт-экспедициялар айрықша әсер еткен. Осы жоба аясында ол Өзбекстанның бірнеше қаласында, Қырғызстанда жеті күн бойы этюд жазып, жергілікті колоритке тәнті болған. Кейін Алматыда осы сапар нәтижесінде көрме ұйымдастырған. Қайтар жолда Қазақстанның барлық өңірін аралап, этюдтер жазған. Былтыр Түркияға сапар шегіп, Ресей арқылы Кавказды басып өтіп, Грузияның Батуми мен Тбилиси қалаларын да ақ кенеп бетіне түсірген. Атап айтар болсақ, Түркияның жиырмадан астам қаласын аралапты.


Аймұрат Таңатов пен Тынышбек Балтабаевты өзіме ұстаз санаймын. Олар әлемді көрсетіп, жанына алып жүреді. Осындай тәжірибелі мамандардың жанында жүріп қана өз стиліңді қалыптастырасың. Әр суретші өмірлік кезеңдерден, қиын соқпақтардан өткен соң ғана 40 жастан кейін өз орнын табады деп ойлаймын, - дейді Данияр.


Ол Өзбекстанда 12-ге жуық, Түркияда 14-тен астам, ал Грузияда төрт этюд салған. Бұл сапарларда этюд жазудың шынайы мәнін түсінгенін айтады.

Қазіргі таңда Даниярға көбіне үй интерьеріне арналған картиналарға тапсырыс түседі. Сондай-ақ Маңғыстаудың көрікті орындары - Бозжыра мен Шерқала, киелі Бекет ата мешітінің суреттері де сұранысқа ие екен. Оның айтуынша, картина - есте қалатын, креативті әрі премиум деңгейдегі сыйлық.

Алдағы уақытта жас суретші әлемдік деңгейде көрмелер өткізіп, халықаралық суретшілермен коллаборациялар жасауды армандайды. Ал екі жыл көлемінде Ақтау қаласында Данияр Жаниязовтың жеке көрмесін тамашалауымыз да әбден мүмкін.


Жас суретші Данияр Жандосұлының бүгінгі тынымсыз ізденісі - ертеңгі кәсіби өнердің бастауы.Оны алда талай күрделі сюжет, талай биік белес күтіп тұр. Қылқаламына адал, өнеріне берік бола отырып өз стилін қалыптастырып, ұлтттық бейнелеу өнерінің көкжиегін кеңейте береріне сенеміз.


Ақерке Сүндет

49
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!