Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев: Конституцияны өзгерту – қоғам дамуының заңды талабы
Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев жаңа Конституция жобасының жариялануы мен қоғамдық талқылауға ұсынылуы – еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі деп атады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Рахымжан Шалбаевтың пікірінше, Конституцияны өзгерту – уақыт талабы, қоғам дамуының заңды нәтижесі. Себебі кез келген мемлекет өзінің даму жолында қоғамдық қатынастардың өзгеруіне, азаматтардың сұранысы мен заманауи сын-қатерлерге сәйкес негізгі заңын жетілдіріп отыруы тиіс.
- Жаңа Конституция жобасында әділдік, заң мен тәртіп, адам құқықтарын қорғау, табиғатты сақтау қағидаттары алғаш рет Конституциялық деңгейде нақты әрі айқын бекітіліп отыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының логикалық жалғасы. Ата заңда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені тағы да нақты айқындалған. Бұл норма халықтың ел тағдырындағы шешуші рөлін күшейтіп, азаматтардың мемлекет басқару ісіне тікелей қатысу мүмкіндігін кеңейтеді, - деді ол.
Сондай-ақ Бейнеу ауданының әкімі жаңа Конституция жобасында Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет екені түбегейлі түрде бекітілетінін атап өтті.
- Бұл қағида азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әр азаматтың кез келген дінді ұстануға немесе ешбір дінді ұстанбауға құқығы сақталады, ал мемлекет барлық конфессияларға бірдей қашықтықта болады. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудың басты кепілі, - деді Рахымжан Шалбаев.
Сонымен қатар, спикер Қазақстан Республикасының унитарлы мемлекет екені Конституцияда нақты көрсетілетінін, Қазақстанның Халық Кеңесі құрылатынын, Вице-президент институтын енгізу көзделгенін және бұл қадамдар елдің өркендеу жолындағы маңызды өзгерістер екеніне тоқталды.
Рахымжан Шалбаев жаңа Конституцияда адвокаттық қызмет пен адвокатураға арналған арнайы бап алғаш рет бекітіліп отырғанын айрықша атап өтті.
- Бұл – азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтіп, сот төрелігінің әділ әрі ашық жүзеге асуына жол ашады. Аталған өзгерістер бір күнде немесе қысқа мерзімде қабылданған жоқ. Конституциялық реформаға дайындық алты ай бұрын басталды. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойды. Оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Сонымен қатар, барлық белсенді азаматқа өз ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдау мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде, жаңа Конституция жобасын талқылау бүкілхалықтық сипат алып, шамамен 6 айға созылды. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы азаматтардан түскен 2 мыңнан астам ұсынысты жан-жақты зерделеп, жүйеледі, - деді ол.
Бейнеу ауданының әкімі осыған дейінгі ұсыныстар ескеріліп, Конституциялық кеңестің жұмыс істеуі, оған Ұлттық құрылтай мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, мәслихат төрағалары, қоғамдық кеңестердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдерінің қатысуы жаңа заңның жан-жақты талқыланғаны екенін атап өтті.
- Жаңа Конституция жобасы – қоғамның сұранысына негізделген, зайырлы, құқықтық және унитарлы мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, билік пен халық арасындағы сенімді арттыруға және Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз қалайды, - деп түйіндеді Рахымжан Шалбаев.