Otpan News Logo

ІІМ ескертуі: Өзге адамның жеке өміріне қол сұғу жазасыз қалмайды

|
03.02.2026 11:40
ІІМ ескертуі: Өзге адамның жеке өміріне қол сұғу жазасыз қалмайды

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі азаматтардың жеке өмірі мен қауіпсіздігі заңмен қатаң қорғалатынын, ал өзге адамды аңду мен жүйелі түрде мазалау қылмыс деп танылатынын ресми түрде ескертті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Polisia.kz таратқан мәліметке сүйенсек, ендігі кезекте сталкинг әрекеттері үшін заң алдында жауап беру міндеттеледі.

Сталкинг ұғымына адамның еркінен тыс оның ізіне түсу, қайта-қайта қоңырау шалу, хабарламалармен мазалау және әлеуметтік желілер арқылы жасырын бақылау жүргізу жатады. 


Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай әрекеттер жәбірленушінің психологиялық жай-күйіне нұқсан келтіріп, жеке қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 115-1-бапқа сәйкес, сталкинг фактісі анықталған жағдайда құқық бұзушыға келесідей жаза түрлері қолданылады:

  • 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл;
  • 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;
  • 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу.


Министрлік Қазақстан Конституциясы әрбір азаматтың жеке өміріне қол сұғылмауына кепілдік беретінін және кез келген заң бұзушылық тиісті жауапкершілікке әкеп соғатынын алға тартты. Әсіресе, өзге адамның «Жоқ» деген жауабына құрметпен қарау – заңды міндет екені баса айтылды. 


Құқық қорғау органдары егер азаматтар аңду немесе жүйелі қудалау әрекеттеріне тап болса, үнсіз қалмай, дереу «102» арнасына хабарласуы қажеттігін ескертеді.

42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!