Otpan News Logo

Маңғыстау техникалық колледжінің мұғалімі 3 миллион теңге грант ұтып алды

|
28.01.2026 10:41
Маңғыстау техникалық колледжінің мұғалімі 3 миллион теңге грант ұтып алды

Маңғыстау техникалық колледжінің оқытушысы Таңатар Бусаханов «Тәуелсіздік ұрпақтары» мемлекеттік грантының бизнес бағыты бойынша жеңімпазы атанып, 3 млн. теңге көлемінде грант ұтып алды, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау ауданы әкімдігіне сілтеме жасап. 


Ол Астанада өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысып келді. Елдің түкпір-түкпірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік салаларындағы 30 үздік жоба іріктеліп, әрбір жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталған.


Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.


Таңатар Бусахановтың жобасы DIY center деп аталады және ол Arduino платформасымен жұмыс істейтін робототехника бағытын қамтиды. Жоба аясында жастарға арналған шағын курстар ұйымдастырылып, практикалық жобалар жасауға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, бастама 3D басып шығару (3D print) технологияларын меңгеруге, техникалық шығармашылықты дамытуға және жастардың инженерлік ойлау қабілетін арттыруға бағытталған.


- DIY center жобасының басты мақсаты – кәсіпкерлік дағдыларды дамыту, заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйрету және жастардың іскерлік әлеуетін арттыру. Бұл жоба техникалық білімді практикамен ұштастырып, жаңа идеяларды іске асыруға жол ашады, - дейді Таңатар Бусаханов.


Айта кетейік, Таңатар Сұлтанбайұлы қазіргі таңда Маңғыстау техникалық колледжінде өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқарады.

115
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!