Otpan News Logo

Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің бөлімдерінде ата-аналара арналған Ашық есік күні өтті

|
03.02.2026 11:30
Ақтауда Әскери-теңіз күштерінің бөлімдерінде ата-аналара арналған Ашық есік күні өтті

Ақтау қаласында ҚР Әскери-теңіз күштерінің барлық әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметтегі матростардың ата-аналары үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Әртүрлі кемелер дивизионында, теңіз жаяу әскерінің десанттық-шабуыл батальонында және коменданттық ротада 200-ден астам матростың ата-аналары өз ұлдарының қызмет ететін орындарын көруге мүмкіндік алды. Іс-шара барысында қонақтар әскери тұрмыс жағдайымен танысып, казармаларды, асханаларды, оқу сыныптарын, жаттығу залдарын және өзге де әскери инфрақұрылым нысандарын аралады.


Ата-аналар үшін ерекше қызығушылық тудырған нысандардың бірі Әскери-теңіз күштерінің әртүрлі кемелер дивизионы болды. Мұнда олар теңіз қызметінің тыныс-тіршілігін сезініп, каюта-компания мен камбузды көріп, матростардың тұру және қызмет ету жағдайымен танысты. Экскурсия соңында қонақтар әскери қызметшілермен бірге теңізшілердің асынан дәм татты.


Жаңаөзен қаласынан келген матрос әкесі Махмуд Азбергенов өз әсерімен бөлісті.


«Ұлым бұл жерде төрт айдан бері қызмет етіп жүр. Қызмет жағдайын өз көзімізбен көрдік, алғаш рет әскери кемеге міндім. Барлығы ұнады. Балаларымызбен бірге түскі ас іштік. Осындай мүмкіндік жасаған командирлерге алғыс айтамын, сарбаздарымызға қызметтеріне табыс тілеймін», - деді ол.


Мұндай Ашық есік күндерін өткізу әскери бөлім басшылығы мен ата-аналар арасындағы сенімді нығайтып, Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштеріндегі әскери қызметтің ашықтығы мен беделін арттыруға ықпал етпек. 

42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!