Шетпелік ұстаз IELTS-тен 8 балл жинап, Лондонға жолдама алды
OTPANNEWS.KZ. - 41 жастағы Әсел Мамбетбаева 11 жылдан бері ағылшын тілінен сабақ береді. Алғашында тілді орта деңгейде меңгерген ол білімін жетілдіру үшін түрлі курстарға қатысып, өздігінен ізденді. Ағылшын тіліндегі фильмдер мен подкастарды көріп, өлеңдерді тыңдау арқылы тілдік деңгейін көтерді. Нәтижесінде IELTS халықаралық емтиханынан 8 балл жинады.
Биыл тамыз айында халықаралық конкурсқа қатысып, Ұлыбританияның Лондон қаласына жолдама жеңіп алды. 2027 жылы сәуір айында бірнеше айға Лондонға барып, тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.
Оның қалаға көшпей, ауылда қалуының да өзіндік себебі бар. Ұстаздың айтуынша, ауыл балаларының да сапалы білім алып, шет тілін үйренуге мүмкіндігі болуы керек. Осы мақсатын жүзеге асыру Әсел мемлекенттен қайтарымсыз 5 миллион теңге грант жеңіп алған. Енді ол өз мектебін кеңейтіп, оқушыларға арналған заманауи оқу құралдары мен жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отыр.
Өйткені қазіргі балалардың қызығушылығын оятып, зейінін сабаққа аудару оңай емес. Сондықтан ұстаз білім беруде жаңа әдістер мен заманауи технологияларды қолдануды маңызды санайды.
Ол ұстаздық қызметі мен жеке кәсібін дамытумен қатар, отбасындағы өз қызметтерін де қатар атқарып келеді. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Кейіпкер үшін отбасы мен кәсіби дамудың екеуі де маңызды. Ол ізденіс пен табандылықтың арқасында әйел адам бірнеше бағытта қатар жетістікке жете алатынын өз ісімен көрсетіп жүр.
Аружан Кусаинова