Otpan News Logo

15 оқушыдан 300 еріктіге дейін: «Эколидердің» он жылдық жолы

|
06.11.2026 15:08
15 оқушыдан 300 еріктіге дейін: «Эколидердің» он жылдық жолы

OTPANNEWS.KZ. - Табиғатты қорғауды өмірлік ұстанымына айналдырған Бақытгүл Жақсылықова 2015 жылы «Эколидер» волонтерлік ұйымын құрды. Алғашында 15 оқушыдан құралған ұйымда бүгінде 309 оқушы бар. Ұстаздар, сарапшылар мен блогерлерді қосқанда, экологиялық жобаларға 400-ден астам адам атсалысып жүр.


Бақытгүл Жақсылықованың табиғатты қорғау жолындағы алғашқы жұмыстарының бірі – жануарлар әлемін сақтау. 2015-2018 жылдары Ақтау, Мұнайлы және Бейнеу аудандарында киік мүйізінің заңсыз саудасына қарсы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, клубтың маңызды бастамаларының бірі – «Қаракөл сақшылары» еріктілер жасағы. Оқушылар 2015 жылдан бері көлдегі құстарға мониторинг жүргізіп, олардың санын есептейді. Бұдан бөлек, «Итбалық сақшылары» тобы Каспий итбалығын қорғау мәселесін көтеріп келеді.



Экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары мектеп қабырғасымен шектелмейді. Клуб мүшелері тамақ қалдықтарынан органикалық тыңайтқыш жасап, қағаз, батарея, пластик және алюминийді қайта өңдеуге жинайды. Құстарға жемсауыт пен ұя әзірлеп, балабақша бүлдіршіндері мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне де табиғатты аялауды үйретеді. Он жыл ішінде осы жұмыстардың нәтижесінде мектеп ауласы үлкен баққа айналған.



Бүгінде «Эколидер» клубы 19 экологиялық-әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді. Ал Бақытгүл Жақсылықова үшін басты мақсат – оқушыларға табиғатты қорғауды үйретіп қана қоймай, туған өлкенің экологиялық мәселелеріне жауапкершілікпен қарайтын азаматтарды тәрбиелеу.


Айта кетейік, Бақытгүл Жақсылықованың табиғатты қорғау бағытындағы еңбегі республикалық деңгейде де назарға іліккен. Оның экологиялық волонтерлік қызметі Президент телерадиокешені түсірген «Тамшы» деректі фильмінде де көрініс тапты.


Аружан Кусаинова

47
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!