Бейнеуде жаңа теміржол вокзалының құрылысы аяқталуға жақын
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданындағы жаңа теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, нысандағы жұмыс барысымен танысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрылысы 2025 жылы басталған жаңа вокзалдың аумағы 3500 шаршы метр. Бұл бұрынғы вокзал ғимаратынан 15 есе үлкен. Үш қабатты нысанды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаның мердігері - «JJ Construction» ЖШС.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ғимараттың ішкі әрлеу және инженерлік жүйелерді монтаждау жұмыстары шамамен 90 пайызға орындалған. Құрылыс алаңында 130-дан астам жұмысшы еңбек етіп, 15 арнайы техника жұмылдырылған.
Жаңа вокзал бір мезетте 1300 жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы болады. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимаратта эскалаторлар мен лифтілер қарастырылған.
Сонымен қатар екінші қабатта кофехана, сауда дүңгіршектері, бутиктер, коворкинг және демалыс аймақтары орналасады. Бұл жолаушылардың сапар алдында уақытын жайлы өткізуіне мүмкіндік береді.
Нысанның іске қосылуы ауданның көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңір басшысы мердігер ұйымға құрылыс қарқынын төмендетпей, жұмыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау және абаттандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, нысанды пайдалануға беруге қажетті құжаттарды уақытылы рәсімдеуді міндеттеді.