Otpan News Logo

Мемлекеттік әлеует ел мен өңірлерді дамытуға қызмет етуі тиіс

|
06.11.2026 09:50
Мемлекеттік әлеует ел мен өңірлерді дамытуға қызмет етуі тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Жолдауында жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне нық қадам басқанын атап өтті. Соңғы жылдары еліміз тәуелсіздік пен егемендікті нығайтуға бағытталған ауқымды әлеуметтік, экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырды. Бүгінде қол жеткізген нәтижелерді сақтап қана қоймай, ішкі тұрақтылық пен орнықты өсуді қамтамасыз ете отырып, алға қарай жүйелі түрде жылжу маңызды.


Президент қоғамның бірлігіне, адал еңбекке және әрбір азаматтың жеке жауапкершілігіне ерекше мән береді. Азаматтардың бастамашылдығы, кәсібилігі, білімділігі және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға дайын болуы – еліміздің одан әрі дамуының негізі. Бұл ретте мақсаттарды белгілеумен ғана шектелмей, нақты нәтижелерге қол жеткізіп, алға қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындау қажет.


Жолдауда айтылған экономикалық көрсеткіштер Қазақстанның әлеуеті зор екенін көрсетеді. Экономика көлемі бойынша еліміз әлемде 47-орында тұр және халқының саны әлдеқайда көп бірқатар мемлекеттерден озып келеді. Өңдеу өнеркәсібі дамып, экономиканы әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Еліміздің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 130 миллиард доллардан асты.


Бұл жетістіктер – миллиондаған тұрғындардың, соның ішінде кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерінің, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала және басқа да салалар қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі. Ендігі міндет – жинақталған әлеуетті халық күнделікті өмірде сезінетін мәселелерді шешуге бағыттау. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік саланы дамыту және өңірлердегі өмір сапасын арттыру қажет.


«Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады», – деп атап өтті Президент.


Маңғыстау облысы үшін бұл міндеттердің маңызы ерекше. Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, халыққа қажетті әлеуметтік нысандар салу, тұрғындардың өмір сүруі мен еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау – мұның барлығы өңірдің болашағымен тікелей байланысты. Ауқымды өзгерістер тек ірі қалаларды ғана емес, шағын елді мекендерді де қамтып, барлық тұрғындарға тең мүмкіндіктер ұсынуы маңызды.


Мемлекет басшысы белгілеген ауқымды жаңғырту бағыты Маңғыстау облысының одан әрі дамуына негіз қалайды. Алға қойылған міндеттерді жүйелі жүзеге асыру өңірдің экономикалық әлеуетін ашуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және келер ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға жол ашады деп сенемін. Өйткені кез келген реформаның басты нәтижесі – әрбір адамның өміріндегі нақты оң өзгерістер.


Ю. Кержбаум,

Ақтау қаласының құрметті азаматы,

Чернобыль атом электр станциясындағы

апат салдарын жоюға қатысушы

8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!