Әлеуметтік инфрақұрылым және Ақтаудың жаңа келбеті: Маңғыстауда не өзгереді?
OTPANNEWS.KZ — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ««Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтарды қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өмір сапасын арттырудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті.
Осыған орай Маңғыстау облысында қандай жобалар жүзеге асырылатыны, Ақтаудың келбеті қалай өзгеретіні және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда қандай басымдықтар айқындалғаны жөнінде біз Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдос Хамиевпен сұхбаттастық.
Жаңа Ақтау: тұрғын аудандардан толыққанды қалалық ортаға дейін
– Айдос Танғалиұлы, Ақтау қаласы қарқынды түрде кеңейіп келеді. Алдағы жылдары қала қалай өзгереді және жаңа аудандарда қандай әлеуметтік нысандар салу көзделген?
– Президент өз Жолдауында: «Азаматтар қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – өмір сапасын арттырудың басты шарты», – деп атап өтті. Сондай-ақ өңірлердің денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттіліктеріне жан-жақты талдау жүргізуді қысқа мерзімде тапсырды.
Осыған байланысты біз Ақтаудың алдағы дамуын жүйелі тәсіл негізінде қарастырып отырмыз. 2025 жылдың тамыз айында Үкімет Ақтау қаласының түзетілген бас жоспарын бекітті. Бұл – аумақтың даму бағыттарын, тұрғын үй құрылысының орналасуын, әлеуметтік нысандарды, инженерлік және көлік инфрақұрылымын айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты.
Біз үшін жаңа шағын аудандардың тек тұрғын үйлерден тұратын аумаққа айналмауы аса маңызды. Адамдарға пәтер ғана емес, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, жолдар мен қоғамдық кеңістіктер де қажет.
Алдағы жоспарларда 350 төсек-орындық, клиникалық-диагностикалық орталығы бар облыстық көпбейінді балалар ауруханасын, 150 орындық оңалту орталығын, сондай-ақ жаңа жалпы білім беретін мектептер салу көзделген.
Бұдан бөлек, тағы жеті мектеп пен қолданыстағы білім беру мекемелеріне бес қосымша ғимарат салу жобаларын әзірлеу мәселесі қарастырылуда.
Бұл ретте бір нәрсені түсіну маңызды: нысанның қала құрылысы құжаттамасына енгізілуі мен оның құрылысының басталуы – екі бөлек кезең. Әрбір жоба бойынша қажеттілік анықталып, жер учаскесі дайындалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселесі шешілуі керек.
Біздің міндетіміз – жекелеген ғимараттар салумен шектелмей, өмір сүруге қолайлы, толыққанды аудандар қалыптастыру.
– Қандай әлеуметтік және спорттық жобалар облыс тұрғындары үшін жаңа тартылыс орталығына айналуы мүмкін?
– Ең алдымен, бұл – денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларындағы ірі нысандар. Солардың ішіндегі маңызды жобалардың бірі – 350 төсек-орындық, клиникалық-диагностикалық орталығы бар облыстық көпбейінді балалар ауруханасы. Оның құрылысы өңірдің өзінде балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады.
Ақтау қаласының 39-шағын ауданында 150 орындық оңалту орталығын салу жоспарланған.
Спорт инфрақұрылымын дамыту да жеке бағыт ретінде қарастырылып отыр. Ақтауда 10 мың көрерменге арналған стадион мен футбол академиясының жобасын жүзеге асыруға дайындық жүргізілуде.
Біз бұл жобаны тек футбол матчтарын өткізуге арналған спорттық нысан ретінде қарастырмаймыз. Ең бастысы – жас футболшыларды жүйелі түрде даярлауға, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға және түрлі спорттық іс-шаралар өткізуге жағдай жасау.
Білім беру саласына келетін болсақ, Мұнайлы ауданында әрқайсысы 1 200 оқушыға арналған екі мектептің құрылысы басталып кетті. Оның бірі – Маңғыстау ауылының Бесшоқы тұрғын алабында, екіншісі – Жаңа дәулет тұрғын алабында орналасқан.
Бұл жобалар нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Менің ойымша, құрылыс жұмыстарының тиімділігін ең алдымен халыққа тигізетін пайдасына қарай бағалау қажет.
– Ақтау қаласы ескі шағын аудандарымен де танымал. Оларды жаңарту жоспарланып отыр ма? Реновация бағдарламасы қалай жүзеге асырылады?
– Қаланы дамыту тек жаңа аумақтарды игерумен шектелмеуі керек. Қалыптасқан қалалық ортаны жаңарту да аса маңызды.
Ақтауда тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 3-шағын ауданда тұрғындарды тозығы жеткен үйлерден жаңа пәтерлерге көшіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жаңарту, жарықтандыру және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары қатар қолға алынған. Мұндай жұмыстар 4А, 5, 12, 13, 32 және 32Б шағын аудандарында қарастырылған.
Сондай-ақ «Ақбота» саябағын қайта жаңғырту, Солдат жағажайында экопарк құру және «Самал» шағын ауданынан 1А шағын ауданына дейінгі жағалау аумағын абаттандыру жобалары қарастырылуда.
Алайда бұл жерде бірнеше ұғымды ажырата білу маңызды. Тұрғын үй қорын реновациялау, қолданыстағы аумақтарды абаттандыру және аумақтарды кешенді дамыту – бір-бірінен бөлек бағыттар.
Нақты шағын аудандарды қайта жаңарту немесе жаңғырту туралы шешімдер бекітілген қала құрылысы құжаттамасы, ғимараттардың техникалық жағдайы, экономикалық есептеулер негізінде және тұрғындардың құқықтарын сақтай отырып қабылдануы тиіс.
Қаланы тек сыртқы келбетін өзгерту үшін ғана жаңартуға болмайды. Басты мақсат – қолданыстағы аудандарды қауіпсіз, қолайлы әрі функционалды ету.
– Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы уақытта өңірдегі құрылыс саласының өзге де бағыттарына тоқталатын боламыз…