Ақтауда бірыңғай төлем құжатына жаңа коммуналдық қызметтер қосылады
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрғын үй-коммуналдық салада цифрландыру жұмыстарын және коммуналдық қызмет көрсетушілердің ақпараттық жүйелерін біріктіруді жалғастыруда. Осы бағыттағы кезекті қадам – Ақтау қаласында бірыңғай төлем құжатындағы қызметтер тізімін кеңейту.
Бірыңғай төлем құжаты (БТҚ) – тұтынушының өзі тұратын тұрғын үй бойынша коммуналдық және басқа да қызметтер ақысын төлеуіне арналған ортақ түбіртек. Оның басты артықшылығы – әртүрлі қызмет көрсетушілердің төлемдері бір құжатта жинақталып, есеп айырысуды ашық әрі төлем жасауды ыңғайлы етеді.
Басқарманың мәліметінше, электр энергиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және басқа да қызметтер бойынша есептеулері бар «БТҚ Маңғыстау» жүйесіндегі қолданыстағы дербес шоттарға 2026 жылғы қазан айынан бастап жаңа қызметтер енгізіледі. Атап айтқанда, «МАЭК» ЖШС-нің жылу энергиясы (жылыту), ауызсу, техникалық су және ыстық су қызметтері, сондай-ақ «Каспий жылу, су арнасы» МКК-нің су бұру қызметі бірыңғай төлем құжатында көрсетіледі.
Сонымен қатар, «БТҚ Маңғыстау» сервисін пайдаланатын тұтынушылар коммуналдық қызмет ақысын төлеумен қатар электр энергиясы мен су есептегіш құралдарының көрсеткіштерін де жібере алады. Бұл мүмкіндік банктердің мобильді қосымшаларындағы бірыңғай төлем құжаты арқылы, соның ішінде Kaspi.kz қосымшасында қолжетімді.
Қараша айында «БТҚ Маңғыстау» сервисін пайдаланған тұтынушыларға есептелген төлемдер туралы хабарламалар Kaspi.kz арқылы жіберіледі. Сонымен қатар, мекенжайлар бойынша қағаз түріндегі бірыңғай төлем құжаты таратылып, онда аталған жаңа қызмет көрсетушілердің төлемдері жеке-жеке көрсетіледі.
Осылайша, тұтынушылар коммуналдық қызметтер ақысын бір құжат арқылы төлеп, электр энергиясы мен су есептегіштерінің көрсеткіштерін жібере алады және әрбір қызмет көрсетуші бойынша есептелген төлемдер туралы толық ақпарат ала алады.
«МАЭК» ЖШС мен «Каспий жылу, су арнасы» МКК мәліметінше, біртіндеп көшу кезеңінде олардың қызметтері үшін банктердің мобильді қосымшалары арқылы тікелей төлем жасау мүмкіндігі сақталады.