Облыс әкімі «Тәжен» кеден бекетін жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 6 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың Бейнеу ауданына жұмыс сапары жалғасты. Сапар аясында аймақ басшысы Тәжен ауылындағы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан «Тәжен» кедендік өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кеден бекетін жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталған. Жобаны «Архон жобалық фирма» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Қазіргі уақытта нысанда 51 жұмысшы, 5 инженер-техникалық қызметкер және 10 арнайы техника жұмылдырылған.
Жобаның негізгі мақсаты - тауар айналымын арттырып, екі мемлекет арасындағы жүк тасымалының жылдамдығын қамтамасыз ету және шекарадан өту уақытын қысқарту.
Қазіргі таңда өткізу пункті арқылы тәулігіне 250 жүк көлігі кіріп, 250 көлік шығады. Яғни, бекеттің тәуліктік өткізу көлемі 500 жүк көлігін құрайды. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш екі есеге артып, тәулігіне 1000 жүк көлігі, ал жеке тұлғалар саны 1000-нан алты мыңға дейін ұлғаяды.
Кеден бекетінде жүк көліктерімен тасымалданатын тауарларға кедендік бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар радиациялық, санитариялық-эпидемиологиялық және көлік бақылауы жүзеге асырылады. Ал шекара қызметінің мамандары шекаралық және паспорттық бақылауды қамтамасыз етеді.
Жаңғырту нәтижесінде өткізу пунктінің инфрақұрылымы жетілдіріліп, бақылау рәсімдері заманауи талаптарға сай ұйымдастырылады. Бұл шекарадан өту үдерісін жеделдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мердігер мекемеге жұмыс қарқынын арттырып, нысанды сапа талаптарын сақтай отырып, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында шекарадағы өткізу пункттерінде көліктердің ұзын-сонар кезегіне жол бермеу қажеттігін атап өтті. «Тәжен» бекетінің толыққанды іске қосылуын халық күтіп отыр. Сондықтан құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, жобаның сапалы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асырылуын қамтамасыз етіңіздер. Нысанды уақытылы аяқтау қажет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.