Маңғыстауда «Бірге оқиық» әдеби акциясы өтті
OTPANNEWS.KZ. - 6 қарашада ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Бірге оқиық» республикалық әдеби акциясына Маңғыстау облысының кітапханалары мен білім беру ұйымдары белсенді қатысты.
Әдеби акцияның басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың рухани дүниесін байыту, ұлы ағартушының әдеби мұрасын кеңінен насихаттау және қоғамды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіру.
Акция аясында кітапсүйер қауым Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Қыпшақ Сейітқұл» атты тағылымдық шығармаларын бір мезгілде оқыды. «Бір мезгілде. Бір мақсатта. Бірге оқимыз!» ұранымен өткен рухани бастамаға облыс бойынша 537 адам қатысты.
Айта кетейік, «Кітап оқитын ұлт» идеясын одан әрі жалғастыруда облыс тұрғындары өз үлестерін қосуда. Бұл шара бүгінгі күннің басты трендін көрсетуге және оқырмандарды кітап оқуға тартуға бағытталды.