Туристік инфрақұрылымды өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтай отырып дамыту керек
Туристік инфрақұрылымды орнықты дамыту және көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің сақталуын қамтамасыз ете отырып жасалуы керек, деп хабарлайды otpannews.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында Олжас Бектенов туризмді дамыту мәселесі ерекше бақылауда болатынын айтып, нақты тапсырма берді.
- Шетелдік турист саяхаттайтын елді таңдамас бұрын, ашық дереккөздердегі ақпараттарды, ең алдымен интернет пен әлеуметтік желілерді шолып шығады. Соңғы төрт жылда шетелдік туристерді тарту құралдары жаңартылмаған. Ескірген ақпарат пайдаланылып келеді, мәдени, этнографиялық және басқа да материалдар қамтылмайды, - деді Олжас Бектенов.
Енді Туризм министрлігі, Мәдениет министрлігі, Kazakh Tourism компаниясы және әкімдіктермен бірге бір ай мерзімде Қазақстандағы барлық мәдени, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ескере отырып, 2026 жылға арналған егжей-тегжейлі жұмыс жоспарын әзірлеуі керек.
Отандық кәсіпкерлердің ұлттық парктер аумағына, сондай-ақ осы тұрғыдағы басқа да орындарға кіруіне қатысты мәселелер де назардан тыс қалмады.
- Өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің сақталуын қамтамасыз ете отырып, туристік инфрақұрылымды орнықты дамыту және көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру мақсатында кәсіпкерлердің ұлттық парктер мен қорықтарға, резерваттар аумақтарына реттеу арқылы кіру тетіктері бойынша халықаралық тәжірибені зерделеп, ұсыныстар енгізу қажет. Экология министрлігі кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, тиісті заңнамалық түзетулерді әзірлеуі тиіс, — деп тапсырды Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы бизнес өкілдерінің инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде су айдындарының жағалауындағы қорғау аймақтарына қойылған шектеулерге немесе кіруге тыйым салынуына байланысты қиындықтарға тап болатынын айтты.
- Мысалы, аквапарк құрылысына қажетті инфрақұрылым жүргізу мүмкін емес. Бұл мәселеде барлық тарапқа қолайлы болатын шешім іздеген жөн, - деді Премьер-министр.
Сондай-ақ Су ресурстары министрлігіне озық халықаралық тәжірибені зерттеп, тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеу тапсырылды.
Жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жүктелді.