Маңғыстауда туризмді дамыту бойынша қандай жұмыс атқарылды?
Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге келетін туристер саны жыл сайын артып келе жатқанын хабарлады, деп жазады otpannews.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
Деректер бойынша 2025 жылы өңірге 500 мыңнан астам турист келді, көрсетілген қызметтер көлемі 17 млрд теңгеден асты, өсім 13%-ға артты.
Мемлекет басшысының халықаралық әуе қатынасын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде өткен жылы Ақтау – Дубай және Ақтау – Нүкіс халықаралық рейсі ашылды. Бүгінгі таңда Ақтау қаласының әуежайы 16 халықаралық бағыт бойынша жұмыс істейді.
Әкімдіктің мәліметінше, мемлекеттік қолдау көрсету шеңберінде 10% көлемінде жалпы сомасы 269,5 млн теңгеге 2 жоба субсидияланды.
2025 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба аяқталды, 110 тұрақты жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Ақтау қаласының бас жоспарын өзектендіру жұмыстары аяқталды.