Otpan News Logo

Темір жол – ел экономикасының стратегиялық тірегі

|
12.11.2026 09:02
Темір жол – ел экономикасының стратегиялық тірегі
Фото: freepik

2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Қеспубликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, экономиканың стратегиялық салаларына жаңа міндеттер жүктеді.


Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі жетекші көлік-логистикалық орталыққа айналу қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл міндетті жүзеге асыруда темір жол көлігіне айрықша рөл жүктеледі. Өйткені темір жол – ел экономикасының күретамыры, өңірлерді байланыстыратын жəне халықаралық сауда-экономикалық қатынастарды қамтамасыз ететін стратегиялық инфрақұрылым.


Президент өз Жолдауында көлік-логистика жүйесін дамыту мəселесіне тоқталып, жаңа темір жол магистральдарын салу мен халықаралық көлік дəліздерінің əлеуетін арттырудың маңызын атап өтті.


Осы орайда биыл біздің өңірде ауқымды шаралар өткізілді. Шетпе темір жол вокзалдарының жаңа ғимаратын ашу салтанатты рəсімі 2026 жылғы 22 шілдеде Маңғыстау ауданында өтті. Шараға Маңғыстау облысының əкімі Нұрдəулет Қилыбай, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» АҚ жəне мердігер ұйымның өкілдері қатысты.


23 қазанда Маңғыстау станциясында жаңа вокзал кешенінің салтанатты ашылуы өтті. Ашылуға Қазақстан Республикасының көлік вице-министрі Ж.Тайжанов, Маңғыстау облысының əкімі Н.Қилыбай жəне сала ардагерлері қатысты.


Бүгінде Бейнеу станциясындағы вокзалдың жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бейнеу – Шалқар, Бейнеу – Маңғыстау телімдердегі инфрақұрылым нысандарына ауқымды жаңарту жұмыстары іске асырылуда. Аталған шаралар өткізу қабілетін арттыру жəне Ақтау порты бағытындағы жүк пойыздарының санын көбейту үшін қажет. Бұл жобалар Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, отандық темір жол саласының халықаралық көлік жүйесіндегі маңызын одан əрі арттырады.


Бұл – теміржолшылар үшін үлкен мүмкіндік əрі зор жауапкершілік. Себебі жаңа магистральдардың іске қосылуы тасымал көлемінің өсуіне, қозғалыс қарқындылығының артуына жəне барлық өндірістік буындардың үйлесімді жұмыс істеуіне қойылатын талаптарды күшейтеді.


Осы орайда темір жол саласының алдында бірнеше маңызды міндет тұр. Біріншіден, инфрақұрылымның техникалық жағдайын жақсартып, өткізу жəне тасымалдау қабілетін тиімді пайдалану қажет. Екіншіден, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, технологиялық тəртіпті сақтау жəне өндірістік тəуекелдерді төмендету басты басымдық болып қала береді. Үшіншіден, цифрлық технологияларды енгізу, басқару процестерін жетілдіру жəне адами фактордың əсерін азайту маңызды.


Президент Жолдауында белгіленген міндеттер теміржолшылардан жаңа көзқарас пен жоғары кəсіби жауапкершілікті талап етеді. Əрбір пойыздың уақытылы жөнелтілуі, əрбір вагонның тиімді айналымы, локомотивтер мен жол шаруашылығының сенімді жұмысы – ортақ нəтижеге қосылған нақты үлес.


Сонымен қатар саланың болашағы білікті мамандарға, олардың кəсіби дайындығына жəне еңбек мəдениетіне тікелей байланысты. Заманауи темір жол тек жаңа технологиялармен ғана емес, сол технологияларды тиімді меңгерген, бастамашыл əрі жауапты мамандармен дамиды.


Біздің филиал үшін де Жолдауда айқындалған міндеттер күнделікті қызметтің негізгі бағыттарымен сабақтас. Бұл – қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тасымалдау процесінің тұрақтылығын сақтау, инфрақұрылымның сенімділігін арттыру, өндірістік тəртіпті нығайту жəне еңбек өнімділігін көтеру.


Əрбір басшы мен қызметкер өз жұмысында осы талаптарды басшылыққа алып, ортақ мақсатқа қол жеткізуге атсалысуы тиіс. Өйткені темір жолдағы əрбір дұрыс шешім мен сапалы орындалған жұмыс еліміздің көлік-логистикалық əлеуетін нығайтуға қызмет етеді.


Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттерді орындау – тек салалық ұйымдардың ғана емес, бүкіл теміржолшылар қауымының ортақ жауапкершілігі.


Бүгінгі теміржолшы – тек жүктер мен жолаушыларды тасымалдаушы маман емес, Қазақстанның экономикалық дамуына, халықаралық беделіне жəне болашақтағы транзиттік əлеуетіне үлес қосатын маңызды тұлға.


Біздің басты мақсатымыз – сенімді, қауіпсіз, тиімді жəне заманауи темір жол жүйесін қалыптастыру. Бұл – ел болашағы үшін атқарылатын ортақ еңбек.

 

Қарақат ЖАҚАНОВ,

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы»

АҚ «Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесі» филиалының директоры

1
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!