Конституция – ұлт тәрбиесі мен білімді ұрпақ қалыптастырудың негізі
Конституция – тәуелсіз мемлекетіміздің басты құжаты, ел болашағының берік іргетасы. Конституцияның қоғамдағы маңызы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен ғана шектелмейді. Ол ұлт тәрбиесі, бала болашағы және білім беру саласының дамуына бағыт-бағдар беретін маңызды құндылықтарды қамтиды.
Бес баланың анасы әрі ұстаз ретінде бала тәрбиесі мен білімнің адам өміріндегі орнын ерекше бағалаймын. Өйткені ұлттың болашағы – бүгінгі тәрбиеленіп жатқан ұрпақтың қолында. Балаға дұрыс тәрбие беру, сапалы біліммен қамтамасыз ету, оның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіру – ата-ана мен педагогтің ортақ міндеті.
Білім – қоғамды алға жетелейтін басты күш. Әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік берілуі керек. Конституцияда азаматтардың білім алу құқығының бекітілуі – мемлекетіміздің жас ұрпақтың болашағына ерекше мән беретінін көрсетеді. Білімді ұрпақ қалыптастыру үшін мектеп пен отбасы арасындағы байланыс нығайып, ұстаз еңбегі бағаланып, балалардың қабілеті мен қызығушылығын дамытуға жағдай жасалуы қажет.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде мен оқушыларға тек пәндік білім беруді ғана емес, олардың дүниетанымын кеңейтіп, өзге мәдениеттерді құрметтеуге, ана тілі мен ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үйретуді де маңызды санаймын. Себебі бірнеше тілді меңгерген, ұлттық болмысын сақтаған, ойы еркін әрі білімді ұрпақ – еліміздің үлкен байлығы.
Ұлт тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Ата-ананың өнегесі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адалдық пен мейірімділік сияқты қасиеттер баланың бойына кішкентай кезінен сіңуі тиіс. Ал мектеп осы тәрбиені біліммен ұштастырып, баланың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Меніңше, Конституцияны құрметтеу – оның қағидаттарын күнделікті өмірде ұстану, өз құқығыңды білу және міндетіңді жауапкершілікпен орындау. Әрбір ата-ана баласының тәрбиесіне бейжай қарамай, әрбір ұстаз өз мамандығына адал қызмет етсе, біз саналы, білімді әрі отаншыл ұрпақ қалыптастыра аламыз.
Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі ел тірегі. Ұрпақ тәрбиесіне салынған инвестиция – мемлекеттің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан отбасы, мектеп және қоғам бірлесе отырып, келешек ұрпақтың жарқын болашағына қызмет етуі керек!
Сарсенова Жанар Кубербаевна,
Маңғыстау ауданы, Шетпе кентіндегі №7 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.