Дәулет ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын
OTPANNEWS.KZ. - Мұнайлы ауданында мәдениет нысандарын жаңарту, спорт инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 қазанда Батыр ауылында 200 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Дәулет ауылында 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын.
Спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында да жаңа жобалар әзірленді. Атап айтқанда, Батыр, Қызылтөбе, Баянды және Дәулет ауылдарында спорт кешендерін салу жобалары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұдан бөлек, Маңғыстау ауылында көпбейінді спорт клубын салу жобасы әзірленген. Қазіргі таңда аталған нысандар жобалық кезеңде.
Бүгінде аудан халқының 42,5 пайызы, яғни шамамен 72,7 мың тұрғын тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар, аудандағы 4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 2 621 спортшы жаттығады.
Аталған жұмыстар мәдени-спорттық инфрақұрылымды кеңейтуге, тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.