Otpan News Logo

Қаржаубай Көшен: Бала тәрбиесі тек тыйым салумен немесе ақыл айтумен шектелмейді

|
12.11.2026 10:51
Қаржаубай Көшен: Бала тәрбиесі тек тыйым салумен немесе ақыл айтумен шектелмейді
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

OTPANNEWS.KZ. - Әке - отбасының тірегі ғана емес, баланың өмірлік ұстанымы мен мінез-құлқының қалыптасуына ықпал ететін басты тұлғалардың бірі. Ұл-қыздың бойына жауапкершілік, төзімділік, еңбекқорлық пен батылдық қасиеттерін сіңіруде әкенің орны ерекше.  


Осы мәселелер төңірегінде Маңғыстау ауданына қарасты Онды ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаржаубай Бейсенғұлұлы Көшен өз пайымымен бөлісті.


Оның пікірінше, бүгінгі бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігімен қатар, баланың ақпараттық кеңістікте дұрыс бағыт алуына көңіл бөлу маңызды. Қазіргі балалардың телефон мен интернетке әуестігін біржола шектеу мүмкін болмағанымен, оны пайдалы мақсатқа пайдалануға үйретуге болады. Ол үшін ата-ана баласының немен айналысатынына бейжай қарамай, білім мен танымға жетелейтін дүниелерге қызығушылығын арттыруы қажет.


«Меніңше, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі артуы керек. Біз баланы телефоннан бір күнде ажырата алмаймыз. Бірақ оны пайдалы дүниеге бағыттай аламыз. Мысалы, телефонда тек ойын ғана емес, білім беретін бағдарламалар да жеткілікті. Тарих бар, әдебиет бар, ғылым бар. Егер ата-ана баласымен бірге отырып, оның не қарап жүргенін бақылап отырса, бала да біртіндеп жақсы дүниеге қызыға бастайды.

Расында, бала тәрбиесі тек тыйым салумен немесе ақыл айтумен шектелмейді. Ең бастысы – оған дұрыс бағыт көрсетіп, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету. Бұл ретте ата-ананың жеке үлгісі мен баламен өткізген уақытының маңызы зор. Әсіресе әкенің баласымен ашық сөйлесіп, оның қызығушылығы мен көзқарасына көңіл бөлуі өзара сенімді нығайтады», – дейді Қаржаубай Бейсенғұлұлы.


Сұхбат барысында Қаржаубай Көшен ұлттық тәрбиенің мектеп пен қоғам тарапынан да жүйелі түрде қолдау табуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, үлкенді құрметтеу, кішіге қамқор болу, салт-дәстүрді қадірлеу секілді асыл қасиеттер баланың бойына күнделікті тәрбие арқылы сіңуі тиіс. Өйткені тәрбие белгілі бір мерекеге немесе арнайы іс-шараға ғана арқа сүйейтін жұмыс емес.


«Ұлттық тәрбие тек үйде ғана емес, мектепте де берілуі керек. Баланың санасына қазақтың дүниетанымын, дәстүрін, үлкенді құрметтеуді, кішіге қамқор болуды мектеп қабырғасынан бастап сіңіруіміз қажет. Өкінішке қарай, қазіргі тәрбиелік жұмыстардың дені науқандық сипатта қалып қояды. Бір-екі іс-шара өткізіп, сонымен тоқтаймыз. Ал тәрбие – күн сайын берілетін үздіксіз жұмыс», – дейді ол.


Әке тәрбиесінің тағы бір маңызды қыры – баланың мінезін қалыптастыру. Қаржаубай Бейсенғұлұлының пайымынша, адам өмірінде материалдық байлық пен мансаптан да жоғары тұратын құндылық бар. Ол – мінез. Себебі мінезі берік, жауапкершілігі жоғары адам кез келген қиындыққа төтеп беріп, тығырықтан шығудың жолын таба алады.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!