Маңғыстауда театр және кино актрисасы Гюль Зиятованың шығармашылық бенефисі өтті
OTPANNEWS.KZ - Ақтауда Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері, пластика режиссері, театр және кино актрисасы, педагог Гюль Зиятованың 50 жас мерейтойына арналған «Өнер. Ұстаз. Тұлға» атты шығармашылық бенефисі өтті. Іс-шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.
Мерейтой аясында 28-30 қазан күндері театр апталығы ұйымдастырылды. Үш күндік бағдарлама аясында өңірдегі театр әртістеріне арналған шеберлік сабақтары өтіп, қатысушылар Гюль Зиятованың көпжылдық тәжірибесімен танысты. Сонымен қатар кешкі уақытта театр әртістері көрермендерге спектакльдер ұсынды.
-Гюль Буважанқызы – Нұрмұхан Жантөрин атындағы театрымыздың іргетасын қалаушылардың бірі, өнер ордасының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тұлға. Биыл мерейтойына орай 28-30 қазан аралығында арнайы театр апталығын ұйымдастырдық. Осы күндері өңірдегі театрлардың жас мамандарына шеберлік сабақтарын өткізіп, өзінің көпжылдық тәжірибесімен бөлісті. Кешкі уақытта көрермендерге спектакльдер ұсынылды. Бүгінгі бенефис аясында өнердегі әріптестері мен сыйлас достары бас қосып, мерейтой иесіне құрмет көрсетті, - деді Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиев.
Шығармашылық бенефис аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған өңірдің өнер майталмандары, театр қайраткерлері мен мерейтой иесінің әріптестері қатысты. Олар Гюль Буважанқызының театр өнеріне сіңірген еңбегін атап өтіп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
Гюль Зиятова ұзақ жылдар бойы сахнада еңбек етіп, актерлік өнер мен режиссура саласында мол тәжірибе жинақтады. Педагог ретінде де жас өнерпаздардың кәсіби қалыптасуына үлес қосып келеді.