Маңғыстауда әлеуметтік сала қызметкерлері флорболдан бақ сынады
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстауда Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері күніне орай флорболдан турнир өтті. Екі күнге созылған жарысқа өңірдің қалалары мен аудандарынан 80-ге жуық қызметкер қатысып, 10 команда өзара мықтыны анықтады.
Спорттық шараны облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «Біз спорт үшін, есірткіге қарсымыз» қоғамдық қоры және облыстық көгалдағы хоккей федерациясы бірлесіп ұйымдастырды.
Іріктеу кезеңінен өткен бес команда жарыстың шешуші кезеңінде кездесті. Қоғамдық қор төрағасы Роман Уразимбетов алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға арналған осындай шараларды жалғастыру жоспарланғанын айтты.
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды №1 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығының командасы иеленді. Екінші орын Ақтау қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығына бұйырса, үшінші орынға Бейнеу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің командасы жайғасты.
Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.