Ақтаудағы зауыт күніне 25 мыңнан астам нан пісіреді
«Мағаш нан» зауыты - Ақтауда нан пісіретін ірі кәсіпорын. Өндірісте күніне 25 мыңнан астам нан, 5 мыңдай кондитерлік өнім өндіріледі. Жаңа піскен нан мен дәмді өнімдердің дайындалуы барысы және наубайшылардың еңбегімен otpannews.kz сайтының түсірілім тобы танысып қайтты.
16 қазан - Дүниежүзілік нан күні. Мерекеге орай өндіріс орнына барып, нанның дүкен сөрелеріне дейінгі дайындалу кезеңіне куә болдық. Қазіргі таңда кәсіпорында 220 адам қызмет етеді. Мұнда нанның 100-ден астам түрі мен кондитерлік өнімнің 80-нен астам түрі бар. Кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істейді.
«Зауыт заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Өнімдер Италия, Германия елінен келген аппараттармен дайындалады. Біз нан мен кондитерлік өнімдердің сапасына қатаң мән береміз. Оның ішінде арнайы нан өнімдеріне арналған ашытқы мен қайнатпа қолдан жасалады», - деді зауыттың техникалық қызметкері Дәулет Мылтықбай.
Өндіріс орны Маңғыстау облысының елді мекендерін де нанмен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар макарон өнімдері Түрікменстан еліне экспортталады. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, сыртқы нарықтағы үлесін арттыруды көздеп отыр.